Ерлік пен ғылымның ұлы тұлғасы: Мәлік Ғабдуллин туралы не білеміз?

Мәлік Ғабдуллин — Кеңес Одағының батыры, жазушы, қоғам қайраткері және қазақтың ұлы ғалымы. Оның есімі тарихта батырлығымен ғана емес, қазақ әдебиетінің дамуына қосқан зор үлесімен де қалады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ерлік пен ауыр тағдыр

1915 жылы 15 қарашада Көкшетау облысының Зеренді ауданындағы Қойсалған ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген Мәлік Ғабдуллин балалық шағында көптеген қиындық пен қайғы-қасіреттерді басынан кешірді. Оның отбасында 6 ұл және 3 қыз болды, бірақ ашаршылық кезінде олардың барлығы қаза тапты. Осы уақытта Мәлік қана аман қалып, өмірде қиындықтарға қарсы тұрып, қайсарлық танытты. Мәлік Ғабдуллиннің немере інісі Сәкен Бекенов оның қайсарлығын бала кезінен байқап, оның болашақта еліміздің мақтанышы болатындығына сенімді болғанын айтады.

Сәбит Мұқановпен танысуы

Мәлік Ғабдуллин жазушылыққа қызығып, болашағы зор адам болуды армандады. Бірде Сәбит Мұқанов Көкшетау қаласында іссапарда болғанда, ол Мәлікті кездестіреді. Мәлік Мұқановқа шығармашылық қабілеттері мен әдебиетке деген сүйіспеншілігін танытып, жас дарынның болашағына қызығушылық танытады. Мұқановтың ақылымен Мәлік Алматыдағы Қазақ педагогикалық институтына оқуға түседі.

Отан қорғаушы жауынгер

1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда Мәлік Ғабдуллин ең алғашқылардың бірі болып майданға аттанады. Соғыста аға саяси жетекші болып, жауынгерлердің рухын көтеру және оларды ұйымдастыруда үлкен роль атқарды. Мәлік Ғабдуллин майданда болған ерліктерімен ерекше көзге түсіп, Мәскеу түбіндегі шайқастарда өзінің қайсарлығымен даңққа ие болды.

1943 жылы 30 қаңтарда Мәлік Ғабдуллинге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Бұл марапат оған тек әскери ерлігі үшін ғана емес, сонымен қатар қазақ жауынгерлерінің рухын көтеріп, оларға көмектескені үшін де берілді. Мәлік соғыстағы ерліктерін жалғастырып, көптеген жауынгердің өмірін сақтап қалды.

Ғылыми және шығармашылық қызметі

Соғыстан кейін Мәлік Ғабдуллин ғылымға бет бұрып, қазақ халқының ауыз әдебиеті мен фольклорын зерттеуге белсенді түрде араласты. Оның "Қазақ халқының ауыз әдебиеті" атты монографиясы қазақ әдебиетінің ғылыми зерттеуіне үлкен үлес қосып, көптеген мақаласы мен зерттеулері еліміздің мәдениеті мен әдебиетіне баға жетпес құнды мұра болып қалды. Сонымен қатар, ол қазақтың батырлық эпостарын зерттеп, қазақ әдебиетінің тарихына зор үлес қосты.

"Менің майдандас достарым", "Алтын Жұлдыз", "Майдан очерктері", "Менің майдандас достарым", "Сұрапыл жылдар", "Ел намысы – ер намысы" шығармаларды жазды. Әдеби туындылары И. П. Щеголихин көмегімен орыс тіліне аударылған.

Мәлік Ғабдуллиннің ерлігі мен есімі

Мәлік Ғабдуллин 1973 жылы 2 қаңтарда 58 жасқа қараған шағында Алматы қаласында дүниеден озды.

Мәлік Ғабдуллин тек батыр емес, сонымен қатар қоғам қайраткері, ғалым және ұстаз ретінде де үлкен жетістіктерге жетті. Оның ерлігі мен шығармашылығының арқасында көптеген адам рухани байлығын арттырды. Көкшетаудағы мектебі, Астана, Алматы және Көкшетау қалаларындағы көшелері оның есімімен аталады. Мәлік Ғабдуллиннің өмірі мен ерлігі қазіргі ұрпақ үшін үлкен үлгі.

Мәлік Ғабдуллин тек батыр ғана емес, сонымен қатар ұлттың мақтанышы, қазақ әдебиетінің реформаторы және ғылымның алыбы болды. Оның өмірі мен шығармашылығы – ұлы ерлік пен өз Отанын қорғауға деген шексіз сүйіспеншіліктің нышаны. Бұл тұлға қазақ халқының тарихында мәңгі сақталады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ұлттық Ұлан баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы