"Ерлік істедік деп айта алмаймын" - 73 жастағы әжені 18 шақырым жаяу жүріп, ауруханаға жеткізген құтқарушы

Соңғы күндері еліміздің өңірлерінде боран соғып, жолдар жабылып жатқаны барлығымызға мәлім. Осындай кездері жолға аяқ асты шығып кетіп, діттеген жерлеріне жете алмай жатқан азаматтарға көмекке құтқарушылар келіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Адам өмірін құтқару өздерінің қасиетті борышы санайтын ақтөбелік құтқарушылар науқасты ауруханаға жеткізу үшін ақтүтек боранда 18 шақырым жаяу жүрген. BAQ.KZ редакциясы ерлік жасаған батырлардың кім екенін және оқиға қалай болғанын құтқарушылардың өздерінен сұрап көрді.

Ақдәулет Әли 2000 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген. Қазір ол Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласындағы №8 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы.

- Ақдәулет, алдымен салаға қалай келгеніңіз жайлы айтып берсеңіз...

- Құтқарушы болып қызмет етіп жүргеніме 3 жылдай уақыт болды. 2017 жылы ауылды оқуымды бітіргеннен кейін Көкшетаудағы М.Ғабдуллин атындағы академияға оқуға түстім. Сөйтіп өрт сөндіру мамандығы бойынша 4 жыл білім алдым. Академиядан офицер-лейтенант шенін алып шықтым.

Кейін оқуды тәмамдаған соң, 2021 жылы Қандығаш қаласындағы №8 өрт сөндіру бөліміне қызмет етуге келдім.

- Бұл мамандықты өзіңіз таңдадыңыз ба, әлде құтқарушыларға қарап, қызығып келдіңіз бе?

- Иә, еліктедім десем де болады. Құтқарушының кім екенін көргім келді, білгім келді. Әр жұмыстың өз қиындығы болады емес пе?! Кішкентайымыздан ағаларымыздың қызметке шығып жүргенін көріп өстік. Содан мен де құтқарушы болғым келді. Сөйтіп оқуға түсуге ниетім болды. Міне, осылайша құтқарушы болып жүрмін.

Әулетімізде туыс ағаларымның арасында құтқарушылар бар.

- Сіз үшін құтқарушы деген кім? Қызметтің маңызы неде?

- Бұл – халыққа қызмет ететін мамандықтардың бірі. Әрбір жағдайда, қай кезде болмасын, ауа райы қолайсыз болса да, болмаса да, күн ыстық не аяз болса да, халыққа көмек беріп, қолымыздан келгенді жасау – өзіміздің міндетіміз.

- Өз өмірлеріңіз үшін қорықпайсыздар ма...

- ...құтқару - міндетіміз. Қорқыныш болады. Бірақ оны қандай жағдай болса да, жеңуге тырысамыз.

- Әлеуметтік желілерде ақтөбелік құтқарушылардың ауырып жатқан әжені боранда 18 шақырым жүріп өтіп, емханаға жеткізгенін оқыдық. Осы оқиға жайлы толығырақ айтып берсеңіз...

- 7 ақпан күні Мұғалжар ауданы №8 өрт сөндіру бөлімінің 112 пультіне хабарлама түсті. Қандыағаш қаласына 18 шақырым жердегі Еңбек ауылдық округі, Басшилі ауылында 73 жастағы әжеміздің жағдайы ауыр екенін білдік. Сөйтіп 8 құтқарушы болып, ауылға қарай бет алдық. Осы күні ауа райы нашар болып, жол көрінбеді. Көлігіміз жол талғамайтын болса да, жол көрінбегендіктен жүргізушіге қиын болды. Сол себепті құтқарушыларға 2-3 адамнан кезек-кезек көліктің алдына шығып, жүгіріп отыруға тура келді. Осы қарқынмен Басшилі ауылына дейін 18 шақырым жүріп өттік. Ауылға жету көбірек уақыт алды. Себебі жел қарама-қарсы бағыттан соғып тұрды. Оның үстіне жол да анық көрінбеді. Оған қоса көліктің алдында адамдар жаяу жүргендіктен көліктің жылдамдығын азайттық.

Басшилі ауылы төменде орналасқан. Қырмен түсіп жүрдік. Жолды қар басып тастаған. Осылайша жол шамамен 3 сағаттай уақытты алды.

Ауылға жеткен соң әжемізді алып шығып, дәл сол қарқынмен Қандыағаш қаласына жол тарттық. Сөйтіп әжемізді қаладағы ауруханаға аман-есен жеткіздік.

- Қазір әжеміздің жағдайы қалай? Хабарласа алдыңыздар ма?

- Емделіп жатыр деді. Білуімше, әжеміздің денсаулығы жақсарып келеді.

- Әженің туған-туыстары алғысын айтқан шығар...

- Иә, бәрі алғысын айтты.

- Кейде құтқарушылар дер кезінде келмеді деген реніш, шағымдарды естіп жатамыз. Мұндай сөздер қайдан туады? Кешігулеріңізге не себеп болады?

- Өрт сөндіру бөліміне хабарлама түскен соң, қандай жағдай болса да, бір минут болмай шығып кетеміз. Кейде ауа райы қолайсыз болады, кейде көліктер құтқарушыларға жол бермейді. Осындай жайттардың себебінен кейде кешігетініміз рас.

Бірақ қандай жұмыс болса да, қандай өрт болса да, өзіміздің міндетімізді әрдайым атқарамыз. Ерлік істедік деп айта алмаймын. Міндетіміз. Қолымыздан келгеннің бәрін істеп жатырмыз.

- 3 жыл қызметіңізде қанша адамды құтқарып қалдыңыз? Санайсыз ба?

- Өте көп. Санамаймыз. Жұмысымыз болған соң, өз міндетімізді атқарамыз.

- Елімізде құтқарушылардың жағдайы қалай? Мемлекет қолдау көрсетіп жатыр ма?

- Арыз-шағымымыз жоқ. Барлығы жақсы. Техника бар.

- Боранды күндері ескертуге қарамай, жолға шығып кеткен азаматтарға не айта аласыз?

- Үйден шықпас бұрын бірінші кезекте күннің қандай екенін біліп алу керек. Қыста ауа райы қандай болатынын біле бермейміз. Мысалы, 7 ақпанда күндіз күн жылы болды. Бірақ соған қарамастан түнде боран басталып кетті.

Телеарналарда, интернетте, 112-де күннің қандай екенін үнемі ескертіп, айтып отырады. Сондай-ақ Darmen деген қосымшада да қай жол ашық екені, ауа райы қандай болатыны жайлы барлық ақпарат бар.

Жолға шыққандарға ақ жол тілеймін. Жолда абайлап жүрулерін сұраймын.

Азаматтардан бізге де түсіністікпен қарауларын сұраймын. Барлығына көмектесуге тырысамыз.

- Ақдәулет, уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге алғыс айтамын. Қызметтеріңізге сәттілік тілеймін!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан
Өзгелердің жаңалығы