Ерлігімен ел есінде қалған полицейлер

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақ елі егемендігін алып, көк туын желбіреткеніне міне 30 жылдан асып барады. 

Еліміз ілгері даму жолында ішкі істер органдарының қызметкерлері өз өмірлеріне жиі қауіп төндіріп, азаматтарды қорғау үшін қылмысқа қарсы күрестің алғы шебінде қызмет атқарады. 

7 мамыр - Отан қорғаушылар күніне орай ІІМ музейінің қорында сақталған материалдармен бөлісуді жөн көрдік. ІІМ музейінің меңгерушісі Алмагүл Сатмағамбетова мұрағаттағы құнды мәліметтер жайында айтып берді.

Оның сөзінше, бүгінгі таңда музей қорында сақталған көптеген материалдар – қоғам тыныштығы үшін құқық бұзушылыққа қарсы күрес жүргізіп, қауіпті қылмыскерлерді ұстап, қиын жағдайға түскен адамдарды құтқарып, халықтың қауіпсіздігі үшін еңбек еткен ішкі істер органдары қызметкерлерінің қаһармандығының дәлелі.     

Азаматтардың тыныштығын қорғау жолында өз өмірлерін қиған батыл қайсар жандардың есімдері ел тарихында мәңгілікке қалады. 

Өмірбеков Мұратбек Әмзеұлы

Өмірбеков Мұратбек Əмзеұлы 1960 жылы 20 қазанда Қызылорда облысының Арал қаласында дүниеге келген. 1977 жылы Шиелі стансасындағы №46 орта мектепті бітірген жəне балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде волейбол бойынша жаттықтырушы ретінде жұмыс  бастаған. 1979 жылы сəуірде оны Шиелі ауданының комиссариаты Қарулы Күштер қатарына шақырған.

 Ішкі істер органдарында қызметті Шиелі аудандық Атқару комитеті ІІО патрульдік күзет қызметі бөлімшесінде бастаған. 1985 жылы наурыздан бастап 1987 жылы қаңтар айына дейін Шиелі стансасы ЖІІБ 2-арнайы тобының кіші қызметкері ретінде жұмыс жасады. 1987 жылы қаңтар айында Қызылорда стансасы ЖІІБ 2-арнайы тобының кіші қызметкері болып жұмыс атқарған.

1989 жылы сырттай КСРО ІІМ Алматы арнайы милиция орта мектебін аяқтады. 1990 жылы наурыз айында Шиелі стансасы Желілік ішкі істер бөлімшесінің жедел уəкілі лауазымына тағайындалған. Қызмет барысында полиция аға лейтенанты М. Өмірбеков өзін жақсы жағынан көрсете білді. Көліктегі Батыс Қазақстан ІІБ-нің басшылығы М. Өмірбековті өзінің қызметтік міндеттерін адал атқарғаны жəне спорттық жарыстарға белсене қатысқаны үшін бірнеше рет марапаттаған.

1992 жылы 22 ақпанда Тартоғай стансасының разъезінде қылмыскер қаруланып, Мəскеу-Ташкент жолаушылар пойызының этапынан қашқан. Дабылмен Шиелі стансасының ЖІІБ жəне АІІБ қызметкерлері көтерілді. Қылмыскерлерді ұстауға екі топ құрылып, оның біреуін жедел уəкілі М.Өмірбеков басқарады. Осы уақытта қылмыскерлер рейстік автобустағы жолаушыларды кепілдікке алған. Автобус автостансаға келген соң қызметкерлердің талабы бойынша жолаушылар автобустан түсе бастайды. Адамдардың арасында 3 қылмыскер болған. Өте жақсы даярланған М. Өмірбеков қылмыскерді ұстауға өзі кіріседі. Ол қылмыскерді ұстаған кезінде артынан келе жатқан екінші қылмыскер тапаншамен басынан атып жарақаттаған. Қылмыскерлер ұсталды. Алайда, М. Өмірбеков ауруханаға жеткізілген соң жан тапсырды.

Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 9 желтоқсандағы Жарлығымен 2 дəрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. 

М. Өмірбековтің есімі Нұр-Сұлтан қаласы Көліктегі Полиция департаменті ғимаратының алдындағы ескерткіш мемориалына жазылды.

Бекбосынов Абдолла Жаңабайұлы 

Абдолла Жаңабайұлы 1971 жылғы 3 наурызда Ақтөбе облысы Ақтөбе ауданының Жамбыл аулында туған. Ол ішкі істер органындағы қызметін 1992 жылы Ведомстводан тыс күзет басқармасының мотовзводының қатардағы милиционері болып бастап, бөлімше командиріне дейін көтерілген. 

1995 жылы қарашаның 13-нен 14-не қараған түні құрамында бөлімше командирі милиция сержанты А. Бекбосынов, милиционер-жүргізуші милиция аға сержанты Өтепбергенов, милиционер Телібеков бар экипаж рация бойынша Есет батыр көшесінде төрт адамның атыс қаруын қолданып, адамдарды тонап, екі адамды жарақаттағаны туралы хабар алады. Зардап шеккендерді ауруханаға жеткізгеннен кейін экипаж тонаушыларды іздестіруге кіріседі. Көп ұзамай орталықтандырылған күзет бекетінен Сəтбаев көшесіндегі №63 асхананың есігі бұзылғаны туралы екінші  хабарлама түскен. Асханаға жақындағанда А. Бекбосыновтың экипажы жасырынуға талпынған екі ер адамды көреді. Машинадан атып шыққан А. Бекбосынов күдіктілердің бірін қуа жөнеледі, ал екіншісінің ізіне оның әріптестері түседі. Бекбосынов сезіктіге жетіп қалғанда ол жалт бұрылып, 1-1,5 м қашықтықтан милиционердің кеудесінен атқан.  Атылған оқтың дыбысын естіп, А. Бекбосыновтың құлағанын көрген Өтепбергенов пен Телібеков оған көмекке ұмтылады. Олар қылмыскерлердің Маресьев көшесіндегі «Ақтөбежилстрой» тресінің жатақханасына кіргенін көрген. Жарақаттанған А.Бекбосыновты Телібековпен бірге жақын маңдағы ауруханаға жіберген Өтепбергенов жатақхананың кіре беріс есігін жауып тастаған. 

Көп ұзамай көмекке келген полиция жасағы қылмыскерлерді қолға түсірген. Дер кезінде қабылданған шаралардың арқасында бір тəулік ішінде ұрлық жасау мен азаматтарды қару қолдану арқылы тонаудың бірнеше эпизодтары анықталып, қылмыскерлер жарақаттаған екі азамат  жедел көрсетілген көмектің арқасында өлімнен аман қалды. Өкінішке қарай милиция сержанты А.Бекбосынов  қылмыскерлер атқан оқтан болған жарақат салдарынан ауруханада қайтыс болды. 

Өз қызметтік борышын жанқиярлық табандылықпен орындап, қарулы қылмыскерді қолға түсіру кезінде қаза болған милиция сержанты А. Бекбосынов Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Отан» орденімен наградталды. 

Жолдыбаев Руслан Баққалиұлы

Руслан Жолдыбаев 1976 жылы 18 тамызда Ақтөбе қаласында дүниеге келген. 1998 жылы өз өмірін атасы Жолдыбаев Айтқалидің ізімен қылмысқа қарсы күреске арнауды шешіп, ішкі істер органдарына қызметке қабылданады. 

Қазақстан Республикасы ІІМ-нің Ақтөбе қаласындағы училищесінде алғашқы даярлық курсынан өткеннен кейін, 1999 жылғы наурызда «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімшесінің инспекторы болып тағайындалады.

Полиция лейтенанты Р. Жолдыбаев 2011 жылдың 1 шілдесінде Ақтөбе облысының Темір ауданында 2 полиция қызметкерін өлтірген қылмыстық топты ұстау жөніндегі арнайы операцияға қатысады. Арнайы іс-шара кезінде жедел топ жергілікті аймақты аралап жүрген кезде, көл жағасындағы қамыстардың арасынан бұларға қарсы оқ атылып, атыс басталған. Полиция аға лейтенанты оқтары таусылған әріптестерін қорғап, атысын тоқтатпайды. 

Атыс кезінде Руслан өз өмірін қиып, қасындағы әріптестерін өлімнен құтқарады. Қызметтік және әскери міндеттерін адал атқарғаны, Ақтөбе облысының Темір ауданында қылмыстық топты жою кезінде заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде көрсеткен ерлігі, қайсарлығы үшін Руслан Баққалиұлы Жолдыбаев қаза болғаннан кейін ІІ дәрежелі Айбын орденімен наградталды. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы