Ерлі-зайыптылардың нотариаттық келісімін ресімдеу процесі жеңілдетіледі.
Қазақстанда ерлі-зайыптылардың нотариаттық келісімін бейнеқоңырау арқылы алуға болады, деп хабарлайды BAQ.KZ Әділет министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР Әділет министрлігі, Республикалық нотариаттық палатасы және "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ-мен бірлесіп бейнеқоңырау арқылы "ерлі-зайыптылардың Нотариаттық келісімін Онлайн ресімдеу" қызметін енгізді. Осы жылдың 25 қыркүйегінен бастап көрсетілетін қызмет "eGov Mobile" платформасында қолжетімді болады.
Әділет вице-министрі Бекболат Молдабековтің айтуынша, бұл жаңашылдық ерлі-зайыптылардың нотариаттық келісімін ресімдеу процесін анағұрлым жеңілдетеді. Азаматтар нотариусқа жүгінбей-ақ қажетті келісімді жылдам әрі ыңғайлы түрде ала алады. Процесс биометриялық сәйкестендірудің заманауи технологияларын қолдана отырып, деректердің қауіпсіздігі мен құпиялылығын қамтамасыз етеді.
Онлайн форматтың артықшылығы – нотариусқа жүгінуге кететін уақыт пен шығындарды үнемдеу, сондай-ақ өзіне ыңғайлы мерзімде алу мүмкіншілігі, - деп атап өтті Бекболат Молдабеков.
Қызметті алу үшін:
1) «eGovMobile» платформасында тіркелу;
2) өтініш нысанын толтыру және биометриялық тексеруден өту;
3) бейнеқоңырау бойынша келісімді ресімдеу;
4) нотариустың қызмет ақысын төлеу;
5) нәтижесінде, құжат «Цифрлық құжаттар» сервисінде қолжетімді болады.