Ерлі-зайыптылар арасында үй міндеттерін тең бөлісу тренді байқалады – сарапшы
Қазақстандық қоғамдық даму институтының Отбасы және гендерлік саясат саласындағы зерттеулер орталығының басшысы Ақнұр Иманқұл Қазақстанның отбасы институты дамуындағы негізгі үрдістерді атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Көбінесе үй міндеттерін бөлуде басты жүктеме әйелдерге түседі. Бірақ, сонымен қатар, үй міндеттерін бөлуде екіжақты теңдей бөлісу, яғни ерлі-зайыптылардың арасында тең бөлісу тренді де байқалады. Жалпы отбасындағы құндылық бағдарлар эмоционалдық және әріптестік жағына ауысып жатыр. Яғни серіктестік, әріптестік деп айтамыз ғой, - деді сарапшы SARAP эксперттік клубының “Өзгерістер кезеңіндегі отбасы: әлеуметтік трансформацияға Конституция тұрғысынан жауап” атты отырысында.
Сондай-ақ маман үй шаруашылықтарының жалдамалы еңбекке тәуелділігі бар екенін айтты. Яғни аутсорсинг қызметтеріне жүгіну үрдістері бар.
Ақнұр Иманқұлдың сөзінше, әлеуметтік-экономикалық контекст отбасы тұрақтылығының негізгі факторы болып келе жатыр. Дегенмен "халықтың қарыз алуы ұлғаюда. Тұрғын үйге мұқтаж отбасылардың едәуір үлесі әлі де сақталып отыр" деп қосты ол.
Еске салайық, бұған дейін сарапшы білімді әйелдер арасында ажырасу үлесі өскенін атады.