Ерлі-зайыпты ажырасқан кезде несие мен ипотекадағы үйлер қалай бөлінеді?
Ерлі - зайыпты ажырасқан кезде олардың мүлкі бөліске салынады. Дегенмен, бүгінгі күні жастардың көпшілігі үй мен мүлікті несиеге, ипотекаға алғандықтан екі тарапқа қалай бөлінетіндігін көпшілік біле бермейді. Осы ретте Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі ажырасу кезіндегі дүние мүліктер қалай бөліске салынатынына тоқталып өтпек.
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2024 жылы 40,6 мың ажырасу рәсімі тіркелген. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда көбірек. Ажырасудың ең жоғары деңгейі Шығыс Қазақстан облысында, ал ең төмені Түркістан облысында тіркелген.
Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Эльнура Кішкенебаева ипотекасы бар ерлі-зайыптылар ажырасып, мүлікті сарапқа саларда үшінші тарап – банктің шешіміне тоқталатынын атап өтті.
Ерлі – зайыпты ажырасқан кезде, ипотека бітпей тұрып, сотқа талап-арызбен жүгініп, сол мүлікті бөлу туралы арыз береді. Ал банк өкілдері үшінші тұлға ретінде қатысып, келісім бермейді. Ондай жағдайлар тәжірбиеде бар. Банк тек ипотека біткеннен кейін ғана мүлікті бөліске салуға келісім береді, - деді Эльнура Кішкенебаева.
Адвокат банк неке бұзылғаннан кейін ипотеканы алған адамнан ғана төлем алып отыратынын, сол себептен қандай да бір өзге шаралар заңсыз екенін айтты.
Мәселен ер азамат өз атынан үйді ипотеканы алды делік, ипотеканы банк бергендіктен банк сол адамға сенім артып берді. Сол себептен ипотека бітпейінше ешқандай да бір-біріне аударым, қандай да бір шаралар жасау заңсыз. Оны жасау мүмкіндігі жоқ. Қашан ипотека нақты бітеді, сол кезде ғана әрі қарай не істейтінін өзара шешеді. Ал егерде ипотеканы алған адам төлей алмай жатса, келісім арқылы төлеуге болады. Дегенмен оны банк арқылы заңдастыра алмайды, - деді ол.
Эльнура Кішкенебаева ерлі-зайыпты ажырасқаннан кейін 6 жылға дейін сотқа мүлікті бөлу туралы шағым түсіре алатынын айтты.
Ипотекалық пәтер алар кезде екінші тұлғаның аты жазылып, екі жақтың келісімімен алынған болса, ондай жағдайда ипотека біткен бойда мүлікті бөлу туралы сотқа талап-арызбен жүгіне алады. Жалпы ерлі-зайыптылар қандай да бір мүлік алса, бөліске түсу уақыты 6 жыл. Алайда ипотеканы 12 жылға алар кезде жұбайлардың келісімі болса, ипотеканы біткеннен кейін де дауласуға мүмкіндігі бар, - деді Эльнура Кішкенебаева.
Адвокаттың айтуынша, несиеге алынып, несиесі әлі бітпеген көлікті де бөліске салу оңайға түспейді.
Неке кезінде несиеге алынып, несиесі әлі бітпеген көлікті де бөліске салуға банк рұқсат етпейді. Дегенмен мұндай кезде екі тараптың өзара келісімімен алған адам көліктің жартылай қаржысын жұбайына беруіне болады. Дегенмен беретін қаржысы жоқ болса, көліктің несиесі біткенін күтіп, қаржылай бағаланып екі тарапқа бөлінеді, - деді Эльнура Кішкенебаева.
"Неке және отбасы туралы" кодекс бойынша, неке шарты болмаса, ортақ мүлік ерлі-зайыпты арасында тең бөлінеді. Мүлікті бөлу туралы арыз берген тарап қойылған талап сомасының 1%-і мөлшерінде мемлекеттік баж салығын төлеуге міндетті.
Біздің заңнамада неке қалай бұзылғанына қарамастан, әйел мүліктің 50%-ын алуға құқылы. Заң шығарушы органдар әйелдің дүниеге сәби әкеліп, декрет демалысында болғанын, еңбек қабілетінен айырылған болуы мүмкін екенін, уақыт жоғалтқанын жақсы түсінеді. Сондықтан ол жұмыс істеп-істемегеніне қарамастан, осы үлесін алуға құқылы. Бірақ мүлік неке қиылғаннан кейін алынған болуы керек, - дейді заңгер.
Маман үйленгенге дейін алынған меншік ортақ мүлік ретінде бөлінбейді дейді. Басты талап - мүліктің некеден кейін алынғаны және оның ерлі-зайыптының атына тіркелгені.
Заңгер сөзіне қарағанда, ерлі-зайыпты отбасы қажеті үшін қарыз алса, берешек соманы екі жақ тең төлеуге міндетті. Несие немесе қарыз ақша ерлі-зайыптының біреуінің мақсатына ғана жұмсалса, қарызды сол адам өзі жабуы керек.
Көп жағдайда ер адамдар үй жөндеуге, жиһаз не басқа зат алуға несиені әйелінің атына алады. Мұндай жағдайда ажырасқалы жатқан әйел сотқа “Несиені бөлу” деген талаппен баруы керек. Сот мұның заңды некеде тұрғанда алынғанын растаса, несиені екіге тең бөліп төлеуді міндеттейді. Несиені оны алған адам жабуы керек, ал жолдасы оны тек қарыз ретінде төлеп отырады, - деп түсіндірді заңгер.