Ерлан Тұрғымбаев бес жылға шартты түрде сотталды

Сот билікті асыра пайдаланғанды деп айыпталған бұрынғы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың ісіне қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты ауыр зардаптарға әкеп соққан билікті асыра пайдаланды деп айыпталған Тұрғымбаевқа қатысты қылмыстық істі қарады (ҚК 362-бабының 4-бөлігі).

Бұл іс «ҚҰПИЯ» деген белгімен кінәні мойындау нысанында іс жүргізу келісімімен келіп түсті. Сондықтан оның қаралуы жабық сот отырысында өтті.

Сотта прокурор айыпты қолдап, соттан 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Бұл ретте ҚК-нің 63-бабы негізінде жазаны пробациялық бақылауды белгілей отырып, сол мерзімге шартты түрде деп айқындауды сұрады.

Сотталушы кінәсін толық мойындап, шын жүректен өкініш білдірді.

Сот үкімімен Тұрғымбаев ҚК 362-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 10 жылға белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырыла отырып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Тұрғымбаевқа сыбайлас жемқорлық қылмыс белгілерінсіз айып тағылғандықтан, ҚК 63-бабы негізінде тағайындалған жазаны шартты деп санау туралы шешілді.

Бұл ретте сот сотталушының кінәсін мойындауын, оның шын жүректен өкінуін және алғаш рет қылмыс жасауын да ескерді.

ҚК 49-бабының 2-бөлігіне сәйкес сот Қазақстан Республикасының Президентіне арнаулы атақтан және мемлекеттік наградалардан айыруға ұсыныс енгізу туралы шешім қабылдады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: egov
Өзгелердің жаңалығы