27 Қыркүйек 2026, 11:07 Фото: ҚР ҰОК/Нұрғали Жұмағазы

Ерлан Тасмағамбетов Азия ойындарында тұңғыш рет жүлдеге ілікті

Қазақстандық батутшы Азия ойындарында қола медаль жеңіп алды.

Қазақстандық Ерлан Тасмағамбетов Жапонияда өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында батут гимнастикасынан жүлдегер атанды.

22 жастағы спортшы алдымен біліктілік кезеңінен сәтті өтіп, кейін төрт үздік спортшы қатысқан суперфиналға жолдама алды.

Шешуші кезеңде Тасмағамбетов 54,69 ұпай жинап, үшінші орынға ие болды. Осылайша, ол қола медальді жеңіп алды. Ал алтын және күміс медальдарды қытайлық Ян Ланъюй (65,09 ұпай) мен Ван Цзысай (63,83 ұпай) иеленді.

Тағы бір қазақстандық Роман Барков біліктілік кезеңінен сәтті өткенімен, суперфиналға шыға алмады. Қорытынды хаттамада ол сегізінші орынға жайғасты.

Тасмағамбетов мансабында алғаш рет Азия ойындарының жүлдегері атанды. Қазақстан құрамасы үшін бұл қатарынан үшінші Азия ойындарында батут гимнастикасынан жеңіп алған медаль болды.