Ерлан Сыдықов: Мемлекеттік комиссия бір күндік болмауы керек
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, академик Ерлан Сыдықов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жасаған бүгінгі үндеуіндегі мемлекеттік комиссия құру мәселесіне қатысты осылай дейді.
Бұл өте орынды, уақытылы, саяси шешім. Бұл – Президенттің көрегендігі. Өйткені, тарихта қазақ халқының көрмеген қуғын-сүргіні жоқ. Соның ең қиын кезеңі – ХХ ғасырда күні кеше ғана болған оқиғалар. Яғни, Қазан төңкерісі, азамат соғысы, большевиктердің жаңа социализм құру саясаты жолында жіберген қателіктерінің кесірінен қазақ даласында болған ашаршылық салдарынан қаншама адам қаза тапты. Екінші жағынан, осы жүйеге қарсы келгендер немесе басқа саяси даму жолын ұсынған адамдар билікке қарсы жау саналып, саяси қуғын-сүргінге ұшырып жатты. Біздің Қазақстанда оқыған, тоқыған, елім деген патриот азаматтар көп болды. Биліктің маңайында да демократиялық мемлекет құрамыз, тәуелсіз ел боламыз деп ұрандатып, шекара белгілеген алаш азаматтарының барлығы зұлмат жылдары қыршын кетті. Сол азаматтарымыздың тек өздері ғана емес, үрім-бұтағы да қуғынға ұшырап, моральдық тұрғыда бүгінге дейін бастарын көтере алмады, - дейді ол.
Ерлан Батташұлы зиялы қауым алдында кезінде қуғын-сүргінге ұшырағандарды түгел ақтау міндеті тұрғанын айтады.
Қазіргі таңда біздің, биліктің, зиялы қауымның, тарихшылар мен құқық қорғау органдарының басты міндеті – кезінде қуғын-сүргінге ұшырағандарды түгел ақтау болып отыр. Бұл мәселе бұған дейін де талай мәрте көтерілді. Бірқатар істер қайта қаралып, талайы ақталды да. Алайда, бұл мәселе жалғасын таппады. Мемлекеттік комиссия құру идеясы өте дер кезінде көтерілді. Президенттің бұл ұсынысы барлық жағынан қолдау табады. Халық та, халықаралық қауымдастықтар да жылы қабылдайтын шешім. Тек аталмыш комиссия бір күндік болмауы керек. Белгілі бір уақытқа ғана құрылатын комиссия емес, үнемі жұмыс істейтін комиссия болуы қажет. Қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтау не үшін керек? Бұл шаралар келешекте осындай жағдайлардың қайталанбауы үшін маңызды. Комиссия жұмысына тарихшылардан бөлек, түрлі құпия құжаттарға қол жеткізу үшін құқық қорғау органдары қызметкерлері, кәсіби тергеуші мамандар міндетті түрде тартылғаны жөн, - дейді ол.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтаймыз – Президент
Келесі жаңалық
“Жан Шуақ” сыйлығының лауреаттары марапатталды
Өзгелердің жаңалығы