Ерлан Смайлов: Конституциялық сот судьяларының мерзімін ұзарту - құқық қорғауды күшейтеді

Бұл туралы бүгін өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мәжіліс депутаты Ерлан Смайлов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Біздің республикамыз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын жүйелі іске асырып жатыр. Республикалық референдумда көптеген қазақстандық қолдаған саяси өзгерістер, атап айтқанда, партиялық бәсекелестікті арттыру, Мәжіліс пен мәслихатты құрудың жаңа тәртібі, Адам құқықтары жөніндегі уәкілетті институтты күшейту, Конституциялық сот құру, халықтың жер қойнауы мен байлықтарына жекеменшік құқығы азаматтар мен халықтың қызығушылығының басымдығы мен бүтіндігін негізге алатын жаңа қоғамдық шартты іске асыруға бағытталған. Сондай-ақ ел Президентін бір мерзімдік сайлау мен осы Конституциялық норманың өзгермейтіндігі туралы ереже билікті монополияландыруға тосқауыл болады. Жалпыұлттық референдумда қабылданған өзгерістермен бірге, билікті тартып алуға жол бермеудің жаңа тетігі құрылып, суперпрезиденттік басқару формасынан бас тартты, - деп атап өтті мәжілісмен. 

Сондай-ақ ол Конституциялық сотты құрудағы нормалардың маңыздылығына тоқталды. 

Конституциялық соттың судьяларының өкілеттілік мерзімін 8 жылға дейін ұлғайтуды көздейтін ереженің маңызы зор. Бұл Конституциялық соттың тәуелсіздігі мен оны күшейтуді, азаматтарымыздың конституциялық құқығын қорғау институтын күшейтуді қамтамасыз етуге жол ашады. Елдің саяси жүйесінің тұрақтылығы мен билік тармақтарының теңгерімді ұстауына ықпал етеді. Болашағымызды құру – бәрімізге ортақ жауапкершілік, - деді депутат. 

Еске сала кетейік, бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы