Ерлан Сәрсембаев: Мемлекеттік егемендік туралы декларация – тәуелсіздігіміздің құқықтық іргетасы
Биыл Қазақстан Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылданғанына 35 жыл толып отыр. Бұл құжат еліміздің мемлекеттілікке бастаған алғашқы және ең маңызды қадамы болды. Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Декларацияның тарихи және құқықтық маңызын атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекеттік егемендік туралы декларация – Қазақстанның тәуелсіз құқықтық жүйесін қалыптастырудың негізгі іргетасы. Ол алғаш рет еліміздің ішкі және сыртқы саясатты өз бетінше айқындау, табиғи ресурстарға иелік ету, билік органдарын және заңнамалық жүйесін дербес қалыптастыру құқығын заң жүзінде бекітті, – деді министр.
Егемендіктің бастауы – 1990 жыл
Ерлан Сәрсембаев атап өткендей, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 1990 жылдың 25 қазанында қабылдаған Декларация республика Конституциясы мен заңдарының үстемдігін, республикалық билік органдарының басымдығын алғаш рет белгіледі.
Бұл құжатта Қазақстан өз ішкі әскерін, мемлекеттік қауіпсіздік органдарын, қаржы-несие және салық жүйесін құру, азаматтық институтын бекіту құқығын алды. Декларация еліміздің тәуелсіздік пен егемендікке жету жолындағы басты қадам, мызғымас іргетас болды, – деді ол.
Министрдің айтуынша, Декларация жобасын академик Салық Зимановтың басшылығымен қазақстандық заңгерлер тобы дайындаған.
Құжатта дербес мемлекеттілік, ұлттық мәдениет пен дәстүрді дамыту, тіл мен ұлт қадір-қасиетін нығайту бағыттары нақты көрсетілді. Бұл – Қазақстанның болашақ дамуының идеологиялық өзегі болды, – деді Сәрсембаев.
Құқықтық дербестік пен жаңа Конституцияның бастауы
Министр атап өткендей, Декларация ережелері республиканың саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді дербес шешу қабілетін құқықтық тұрғыдан бекітті.
Декларацияның 8-тармағының маңызы ерекше. Ол Қазақ КСР Конституциясы мен заңдарының республика аумағында үстемдігін алғаш рет бекітті. Бұл егемендікті заң жүзінде қорғаудың нақты тетігі болды, – деді ол.
Осылайша, Қазақстан ұлттық заңнамасын сыртқы ықпалдан қорғап, орталықтандырылған жүйеден дербес құқықтық тәртіпке көшті.
Бұл қадам Парламент, Үкімет және сот билігін қамтитын бірыңғай мемлекеттік билік жүйесін құруға негіз болды. Кейін осы құрылымдар Декларация қағидаттарын нақты жүзеге асырып, болашақ Конституцияның қабылдануына жол ашты, – деп айтты министр.
Ерлан Сәрсембаев атап өткендей, 1991 жылы қабылданған “Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы” Конституциялық заң ұлттық егемендік негізін бекітіп, 1993 жылғы алғашқы Конституцияда билікті бөлу және адам құқықтарының басымдығы қағидаттары заңдастырылды. Ал 1995 жылғы Конституция қазіргі мемлекеттің тұрақтылығы мен заманауи келбетін айқындады.
Саяси реформалар мен сабақтастық
Декларацияның 35 жылдығы Конституцияның 30 жылдығымен сәйкес келуі кездейсоқ емес. Бұл – мемлекеттіліктің және конституциялық дамудың өзара сабақтастығын көрсетеді, – деді Сәрсембаев.
Министр атап өткендей, Тәуелсіздік жылдары Конституцияға енгізілген түзетулер саяси және институционалдық дамудың жаңа кезеңдерін айқындады. 1998, 2007, 2011 және 2017 жылдардағы реформалар билік тармақтарының өзара іс-қимыл жүйесін нығайтып, демократиялық принциптерді жетілдірді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған "Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет" формуласы демократиялық институттарды нығайтып, әділ қоғам құрудың жаңа кезеңін бастады, – деді министр.
Республика күні – егемендіктің символы
2022 жылдан бастап 25 қазан – Республика күні ұлттық мереке ретінде қайта аталып өтуде.
Бұл қадам егемендіктің тарихи маңызына деген құрметті және ұлттық бірегейлікті нығайтуды білдіреді. Республика күні – халық бірлігі мен ынтымағының нышаны, әділетті Қазақстан құруды мақсат еткен азаматтардың күні, – деді Ерлан Сәрсембаев.
Конституциялық бақылау және сот реформасы
Министрдің айтуынша, Конституциялық соттың қайта құрылуы және Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтының дамуы азаматтардың құқықтарын қорғаудың жаңа деңгейін қалыптастырды.
Бүгінде азаматтар өз құқықтарын тек сот арқылы ғана емес, Конституциялық сот арқылы да қорғай алады. Бұл – заң үстемдігін нақты қамтамасыз ететін маңызды тетік, – деді ол.
2024 жылдың 1 шілдесінен бастап қызметін бастаған кассациялық соттар да сот төрелігінің қолжетімділігін арттыруда маңызды рөл атқарып отыр.
Қазақстан бүгінде халықаралық аренада сенімді серіктеске айналды. Біз адам құқықтары, экология және әлеуметтік әділдік саласындағы халықаралық міндеттемелерді табандылықпен орындаймыз. Бұл бағыт елдің егемендігін және заң үстемдігін нығайтуға қызмет етеді, – деді Сәрсембаев.
Жаңа кезең – бір палаталы Парламентке көшу ұсынысы
Ерлан Сәрсембаев атап өткендей, қазіргі саяси жүйенің дамуы аясында бір палаталы Парламентке көшу жөніндегі ұсыныс талқылануда.
Бұл бастама еліміз үшін мүлде жаңа басқару моделін қалыптастыруға бағытталған. Ол егемендіктің, заң үстемдігінің және әділетті мемлекеттің қағидаттарын одан әрі нығайтады. Декларацияның 35 жылдығы – жай мерейтой емес. Бұл – біздің жеткен жетістіктерімізді бағалап, алдағы дамудың бағытын айқындайтын маңызды кезең. Біз құқықтық жүйені нығайтып, цифрлық сервистерді дамыта отырып, әділетті, қуатты және еркін Қазақстан құру жолын жалғастыра береміз, – деп түйіндеді Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев.