Ерлан Саиров: Қордай мәселесінде құзырлы органдардың кінәсі басым
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Белгілі саясаттанушы, Еуразиялық интеграция институтының директоры, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ерлан Саиров Жамбыл облысы Қордай ауданындағы жағдайдан кейін сол өңірге екі рет арнайы барып қайтты.
Саясаттанушының сапар барысында түйген ойлары мен Қордайдағы қордаланып қалған мәселенің қалай шешім тауып жатқаны жайлы ойын білген едік.
- Қордайдағы жағдай қалай?
- Қазір жағдай тұрақталған. Ондағы негізгі ареал – Қаракемер, Масанчи, Сарытөбеде азаматтар өздерінің күнделікті тірлігімен айналысып жүр. Масанчилықтар да өздерінің бүлінген дүниелерін жөндеумен айналысып жатыр. Ал қазақтар көптеп шоғырланған Қаракемер ауылында да жағдай тұрақталған. Азаматтар көктемгі жұмыстарға дайындалып жатыр.
- Аудандық әкімшілік өкілдерімен кездестіңіздер ме?
- Иә, аудан әкімінің өзімен кездестік. Ол да өңірдегі жағдайдың сабасына түсіп, адамдар өз істерімен айналысып жатқандарын айтты.
- Қалай ойлайсыз, бұл жағдайға не әкелді? Не себепті ұлтаралық дүрдараздық туындады?
- Иә, біздің басты міндетіміздің өзі осы сұраққа жауап іздеу болуы керек. Бұған дейін де айтқамыз, бұл жақтағы ең негізгі мәселе – әділеттілік және заң алдындағы азаматтардың тең құқылық жағдайы.
- Азаматтар құқығының заң алдындағы теңдігі дегенде, қандайда бір кемсітушілік бар ма құзырлы орындар тарапынан?
- Мен осыған қатысты бір мысал айтып кетейін деп отырмын. Ары қарай өзің сараптап көресің.Бұл жөнінде әлеуметтік желіде жаздым, өздерің көрген боларсыңдар. 2018 жылы қазақтар тұратын Қаракемер ауылының бір топ жастары Қордайдан бір спорт жарысынан келе жатады. Масанчи ауылына кіреберісте жол жиегіне тоқтап, демалып, бой сергітпек болады. Осы жерде тұрғанда масанчилық дұңған жігіттер келіп, жаңағы қазақтардың машинасының айнасын қағып кетеді. Осы жерде жастар арасында төбелес болады. Істі насырға шаптырмай, құқық қорғау органдарының азаматтары араласып, мәселені шешеді. Екі жақты татуластырады. Бұл жерде тым шектен шығып кеткен ештеңе жоқ, өзіміз де жас болдық, екі ауылдың жастары арасындағы аздаған ғана түсініспеушілік деп қарауға болады. Ешқандай ұлтаралық араздық немесе ұлттар арасындағы жеккөрушілік деген жоқ, көрші ауылдың жігіттері деген ұғым ғана бар.
Осы жанжалды тәртіп сақшылары қалай реттеген, мәселе сонда. Іске Қордай аудандық прокуратурасынан азаматтар келеді, Жамбыл облыстық Ішкі істер басқармасынан қызметкерлер келеді. Екі жақтан да "бір-бірімізді кешірдік" деген қолхат алады. Іс осымен жабылады. Бірақ, арада екі жыл өткенде, жаңағы төбелеске қатысы бар деген 8 қазақ жігіттің алдынан тағы мәселе шығады. Ол – Қылмыстық кодекстің 107-бабы бойынша (Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру) кінәлі ретінде құқық қорғау органдарында тіркеуде тұрғандығы. Егер адам 107-бап бойынша кінәлі болатын болса, жұмысқа тұруға құқығы, мемлекеттік қызмет атқаруға, олардың бүкіл өміріне балта шабылады деген сөз. Бұны дер кезінде істі қараған тәртіп сақшылары балаларға түсіндірмеген. Шын мәнісінде қаракемерлік балалар жәбірленушілер. Бірақ, базада 107-бап бойынша тіркеуде тұр. Осындай ұсақ-ұсақ әділетсіздіктер ол жақта өте көп болған. Ең бастысы, осы тектес әлеуметтік әділетсіздіктер, құқық қорғау органдарының біржақты шешімдері жергілікті халықты ашындыра берген. Қазіргі кезде, осындай қоғамдық күрмеуді жіпті үзбей отырып шешуді қарастыру керек, менің ойымша.
- Ол балалармен кездестіңіздер ме?
- Иә, осы соңғы жолы барғанда сол жігіттермен жолықтық. Бәрі де инабатты, тәрбиелі балалар екенін байқадық. Біреуге орынсыз тисе қояды дейтін жігіттер емес. Өкініштісі сол, екеуі мұғалім болып жүрген жерінен сол баяғы 107-бапты сылтау етіп, прокуратура жұмыстан шығарып тастаған. Шын мәнісінде олар сотталмаған, сотқа да бармаған. Бірақ, құқық қорғау орган қызметкерлері бұларды алдап, солай жазып тастауының салдарынан жігіттер зиян шегіп отыр.
- Ұлттық мәселелерді түйсіну, осы Қазақ елінде өмір сүріп жатырмыз ғой, "су ішкен құдығымызға түкірмейік" дегендей ұғым бар ма ондағы халықта?
- Шынын айту керек, ол жақта өзін Қазақстан азаматы сезіну мәселесін, мемлекеттік жүйеге бойұсынуын, балалардың бойындағы Қазақстанға деген патриоттық сезімі қатарлы мәселелерді шешу керек. Мысалы Масанчиде үш мектеп бар. Оның біреу қазақ мектеп, екеуі орыс мектебі. Бұл мәселені сол Масанчидағы дұңған ақсақалдардың өзі айтып отыр. "Мына екі мектепті әзірше аралас мектеп жасап, артынан қазақ мектебі етіп жасап беріңіздер, біз қарсы емеспіз" деп отыр олар. Одан бөлек, Масанчи, Сарытөбе ауылдарындағы рухани мәселе; сонымен қатар, күнделікті тұрмыс-тіршіліктегі қарым-қатынас мәселесі; ауыл ішінің билігі, діни мәселе, қаржылық көмек көзі барлығы – мешіттің айналасына шоғырланып алған. Бір ғана Масанчидің өзінде 18 мың халық тұрады, 14 мешіт бар. Халықтың бүкіл өмірі осы 14 мешіттің ішінде өтіп жатыр деуге болады. Уағыздың барлығы дұңған тілінде. Не айтып, не қойып жатқанын ешкім қадағаламайды. Тағы қайталап айтамын, осы мәселенің барлығын біртіндеп шешуіміз керек. Дегенмен, бұл сол жердегі дұңған халқының кінәсі емес. Себебі олар, "біз қазақ тілін үйреніп, Қазақстан азаматы болуға қарсы емеспіз" деп отыр. Ал өздері жабық аудан, осыны пайдаланып, біздің мемлекеттік органдар дұрыс жұмыс істемеген.
- Сонда олар Қазақстан азаматы емес пе?
- Әрине, олар ресми түрде Қазақстан азаматы. Бірақ, жабық қауым ғой. Жабық қауым болғандықтан мәдени-рухани өмірінің барлығы мешітте өтеді. Яғни, заң жүзінде Қазақстан азаматы, бірақ рухани тұрғыда оқшауланып қалған. Осы олқылықтың орнын толтырып, оларды өзіміздің рухани ортамызға қарай тартып, қазаққа сіңіп кетуіне жағдай жасауымыз керек. Бұған өздері де бейімделіп отыр. "Біз де қазақтарды сыйлаймыз, Қазақстанның азаматымыз. Сондықтан Қазақстанның мәдени-рухани өміріне етене араласуға мүдделіміз" - дейді олар.
- Өткенде шекарадан 4000 адам шығып, 8000 адам болып оралды деген не сөз екен?
- Ол жалған ақпарат. Себебі, Қазақстаннан қанша адам шықты, сонша адам ғана келген. Олай дейтініміз, адам саны, ауылдағы үй басына және мектепте оқып жүрген бала санына орай есептеледі ғой. Біз №13 қазақ мектебінде болдық. Сол жерде мектепте оқитын 615 оқушының 98 пайызы қазір оқуын жалғастырып жатыр екен.
- Масанчидағы халықтың түпкі мәселесі мемлекеттік тілді білмеуінде деген пікірлер айтылды...
- Мәселе тек мемлекеттік тілді білмеуде емес. Әрине, бұл да басты мәселенің бірі, дегенмен, ауылдағы рухани құндылықтардан ажырап қалу да көп кедергі келтіріп отыр. Одан бөлек ауылдағы ұлтаралық құқықтық теңсіздіктің түрлі деңгейдегі сыбайлас топтармен байланысып кетуі, қырғыз-қазақ шекарасындағы контрабандалық тауарлар, жүйедегі қордаланып қалған жүйесіздік те осыған әкеліп отыр.
- Дұңғандардың әлеуметтік ауқаттылығы да осының бір себебі дегенді айтқандар болды. Оған не айтасыз?
- Бұл ұлттың еңбекқорлығын бағалау керек. Мысалы Қаракемерде тұратын қазақтар малмен айналысады. Олар жылына бір-ақ рет өнім алады. Мал бордақылаудың өзіндік шығыны бар. Жер керек, жем-шөп керек, жайлым керек дегендей. Ал масанчилықтар жермен айналысады. Соның нәтижесінде жылына 2-3 рет өнім алады. Қол еңбегін көбірек қажет еткенімен, аса бір шығыны жоқ. Сол себепті де масанчилықтар ауқатты. Оны жасырудың керегі жоқ, керісінше айту керек. Осы ауқаттылық олардың қайда тұрып, қайда өмір сүріп жатқанын ұмыттырып жіберген жағдайлар бар. Оның үстіне, мемлекеттік құзырлы органдардың солқылдақтығы да оларға тиімді болып келген.
- Жақында "Ақсақалдар алқасы" құрылған еді сол ауданда. Оларды тыңдайтын құлақ бар секілді ме?
- Қазір жағдай біршама дұрысталған. Ақсақалдар алқасы "Біз Қазақстанда тұрғандықтан қазақ тілін білуіміз керек. Қазақ мәдениетін бойымызға сіңіруіміз керек. Қазақстанның әлеуметтік өміріне интеграция жасауға дайынбыз" - деп отыр.
- Осы орайды пайдаланып еліміздегі өзге ұлт өкілдеріне де сабақ болатындай бір заң қабылдап жіберу керек секілді, қалай ойлайсыз?
- Менің ойымша, осы Қордай оқиғасы – өзге ұлтты қойып, Қазақстандағы негізгі ұлт – өзімізге де сабақ болуға тиісті. Екіншіден, біз Қазақстанның қай түкпірінде тұрсақ та, Қазақстанның қай бұрышында жүрсек те, бізде мемлекеттік идентификация болуы керек. Яғни, "Біз – Қазақстанның азаматымыз, сол себепті де қазақ тілін білу біз үшін парыз!". Міне, қазіргі ұлтаралық концепция осылай өзгеруі керек. Сонымен қатар, балаларды қазақстандық патриотизм тұрғысынан тәрбиелеу де маңызды. Яғни, бесіктен белі шықпай жатып, балабақшада, мектепте, қазақтың дәстүрлі мәдениеті, еліміздің саяси тарихы, руханият жөнінде жан-жақты факультативтік сабақ болса да өткізуіміз керек. Біз балаларды патриоттық тұрғыда тәрбиелеудің үлкен бағдарламасын қабылдап, соны іске асыруымыз керек. Себебі, біздің басымыздан өткен қиыншылықтарды, ұлтаралық комплекстерді балаларымыз көрмеуі керек. Бұл мәселені сол Қордай ауданының тұрғындары да айтып отыр.
- Патриотизм дегеннен шығады, дұңған жастары Қазақстан әскеріне бармайды екен деген әңгіме айтылды. Бұл қаншалықты рас?
- Бұл жайлы тиісті мекемелер жауап берді. Дегенмен, ауданда әскерге баратын жастардың саны аз. Бір байқағаным, Масанчидің өзінде әскерге барып келген жігіттердің бәрі қазақша біледі. Әкімшілікте бір-екі жігіт тап-таза қазақша сөйлеп жүр. "Әскерге барып, қазақ тілді сонда үйрендік" дейді. Соған қарағанда, менің ойымша, әскерді патриоттықтың жаңа бір тетігі ретінде пайдалануға болатын секілді. Яғни, Қазақстанға жаңа мемлекеттік өзін-өзі сезіну бағдарламасы қажет.