Ерлан Қошанов: Бұл – ел егемендігіне жол ашқан ерекше күн
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов қазақстандықтарда Республика күнімен құттықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қадірлі отандастар! Сіздерді еліміздің ең ұлық мерекесі – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – ел егемендігіне жол ашқан ерекше күн. Тәуелсіздігіміздің бастауы да осыдан 34 жыл бұрын дәл осы күні қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларациядан тамыр тартады. Сондықтан да байтақ Отанымыздың әрбір азаматы үшін ата-баба арманын ақиқатқа айналдырған бұл күннің маңызы зор, - деді Қошанов.
Осы жылдар ішінде тарихи құжатта айтылған мәлімдемелердің барлығы жүзеге асты. Онда қамтылған қағидаттар Ата заңымызға арқау болды.
Қазақстан тұғыры берік, бірлігі бекем, болашағы жарқын, әлем таныған іргелі елге айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қайта жаңғырған осынау ұлттық мереке алдағы уақытта да елдігімізді нығайтып, ынтымағымызды арттырып, биік белестерге бастай берсін. Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін,, - деді Мәжіліс спикері.