Ерлан Қошанов: Әр адам өз ауласын, өз қаласын көгалдандырса, еліміз жайқалып шыға келеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Парламент Мәжілісі төрағасы Ерлан Қошанов «Birge – taza Qazaqstan» экологиялық акциясына қатысты.

Бүгін елордамызда «Birge – taza Qazaqstan» экологиялық акциясы аясында жалпы қалалық сенбілік өтті. Бұл – бұрыннан келе жатқан дәстүр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан бойынша 2 миллиард түп көшет отырғызу туралы бастама ұсынды, - деді Қошанов Facebook парақшасында.

Ол қала тұрғындарымен бірге Мәжіліс депутаттары да осы игі іске өз үлесін қосқанын атап өтті.

Қошановтың ойынша, әр адам өз ауласын, өз көшесін, өз қаласын көгалдандырса, еліміз жайқалып шыға келеді.

Бүгін депутаттар мен аппарат қызметкерлері 150-ге жуық ағаш екті. Бой жазып, біраз сергіп қалдық десек те болады. Бұл астанамыздың экологиясын жақсартуға, оны гүлдендіруге септігін тигізеді деп ойлаймын. Қаланы таза ұстау, көркейту өз қолымызда. Таза қала, таза ауа – денсаулықтың нышаны. Сондықтан барлық тұрғындарды осы игі іске атсалысуға шақырамын, - деп жазды Мәжіліс спикері.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы