Бүгiн 2026, 17:00 Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Ерлан Қошанов: AMANAT реформалардың негізгі қозғаушы күштерінің бірі болды

Партия төрағасы қоғамдық бірлік пен реформаларды жалғастырудың маңызын айтты.

AMANAT партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Қазақстанда Әділетті әрі Прогрессивті Қазақстан құруға бағытталған саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асыруда партияның жетекші рөл атқарып келе жатқанын айтты. Бұл туралы ол Астанада өткен AMANAT партиясының XXVI съезінде мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қошановтың айтуынша, соңғы жылдары елде ауқымды өзгерістер жүзеге асып, олар саяси жүйені едәуір жаңғыртып, мемлекеттің одан әрі дамуына негіз қалады.

Ауқымды реформалар қоғамдық-саяси өмірді жаңғыртып, мемлекеттік басқару жүйесіне жаңа серпін берді. Президент бастамашы болған реформалар іс жүзінде жаңа қоғамның негізін қалап, мемлекеттің жаңа келбетін қалыптастырды, – деді ол.

Партия төрағасы реформалардың маңызды нәтижелерінің бірі көппартиялы жүйенің нығаюы болғанын атап өтті. Бүгінде Парламентте алты саяси партия өкілдік етеді. Бұл саяси бәсекенің күшейіп, демократиялық институттардың дамып келе жатқанын көрсетеді.

Ерлан Қошанов жаңа Конституцияның қабылдануына да арнайы тоқталып, оны елдің одан әрі дамуы үшін маңызды құқықтық негіз деп атады.

Жаңа Конституция азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтіп, мемлекет пен қоғамның дамуына жаңа серпін берді. Оның негізінде әділдік пен бірлік идеялары жатыр. Бұл құндылықтар қоғамдық сананың ажырамас бөлігіне айналып келеді, – деді Ерлан Қошанов. 

Партия төрағасы AMANAT тек саяси күн тәртібімен шектелмей, азаматтардың сұранысына негізделген бірқатар әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып жатқанын айтты. Олардың қатарында «Ауыл аманаты», «Жер аманаты», «Қарызсыз қоғам», «Тұрғын үй аманаты» және «Цифрлық қоғам» жобалары бар.

Оның айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарын қолдаудың тиімді тетігіне айналды. Бағдарлама аясында азаматтарға жылдық 2,5 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беріледі. Бұл өз кәсібін ашуға, шаруашылығын кеңейтуге және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ партия халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Осы мақсатта мемлекеттік органдарды, IT-компанияларды, сарапшылар мен еріктілерді біріктірген «Цифрлық қоғам» партиялық жобасы іске қосылды.

Бүгінде интернет-алаяқтықпен бетпе-бет келмеген адам кемде-кем. Біздің мақсатымыз – халықтың цифрлық сауаттылығын арттырып, адамдарды жасанды интеллектпен жұмыс істеуге үйрету, – деді Қошанов.

Оның сөзінше, жоба аясында интернет-алаяқтардың құрбанына жиі айналатын әрі цифрлық сервистерді пайдалануда қиындық көретін аға буын өкілдеріне ерекше көңіл бөлінеді.

Партия жұмысының тағы бір маңызды бағыты – қоғам мен мемлекет арасындағы өзара байланысты нығайту. Қошановтың айтуынша, партия кәсіби қауымдастықтармен, сарапшылармен, дәрігерлермен, мұғалімдермен және азаматтық сектор өкілдерімен тұрақты диалог орнатқан.

Біздің басты міндетіміз – азаматтардың үнін естіп қана қоймай, олардың ұсыныстары мен бастамаларын нақты шешімдерге айналдыру, – деді ол.

Сөз соңында Ерлан Қошанов қоғамдық бірлікті нығайту, мемлекет пен азаматтардың күш-жігерін біріктіру және Президенттің бағытын жүзеге асыру алдағы кезеңде де партияның негізгі міндеттері болып қала беретінін атап өтті.