Ерлан Қарин Ұлттық құрылтайдың аймақтардан келген мүшелерімен кездесті

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин өңірлердегі қоғамдық кеңестердің құрамына кіретін Ұлттық құрылтай мүшелерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Басқосуда Ерлан Қарин Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың қызметі аясында көтерген маңызды бастамалардың жүзеге асырылуына тоқталды. Соның ішінде әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға, вейптерге тыйым салуға, лудоманияға, вандализмге қарсы күреске қатысты бірқатар заңның қабылдануын және басқа да мәселелерді атап өтуге болады.

Сонымен қатар Мемлекеттік кеңесші Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Біртұтас тәрбие бағдарламасы әзірленіп, мектептерге жаппай енгізілетінін атап өтті.

Сондай-ақ Ерлан Қарин азаматтық институттарды, әсіресе, өңірлердегі азаматтық секторды дамытудың маңызды екеніне назар аударды. Бұл ретте қоғамдық кеңестер айрықша рөл атқарады.

Өз кезегінде Ұлттық құрылтайдың аймақтардан келген мүшелері өңірлерді өркендетуге қатысты өзекті мәселелерге тоқталды. Сонымен қатар жергілікті халықпен және қоғамдағы топтармен өзара қарым-қатынас орнатудың әдіс-тәсілдері туралы ой-пікірлерін жеткізді.

Бұдан бөлек Ұлттық құрылтайдың мүшелері пікір алмасу барысында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған бастамаларға қолдау білдірді.

Жиын соңында Мемлекеттік кеңесші алдағы уақытта Ұлттық құрылтай мүшелерімен тағы да бірқатар кездесу өтетінін айтты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы