4 Тамыз 2026, 15:52 Фото: ©BAQ.KZ архиві

Ерлан Қарин тойда уағыз айтқан ер адамға қатысты пікір білдірді

Ерлан Қарин тойдағы уағызға қатысты үн қатты.

ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин тойда тілек айтуға шығып, уағыз айтқан ер адамның видеосына қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
 
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде тойда тілектің орнына уағыз айтқан қарияның видеосы тараған болатын. 
Тойда тілекке шығып, ерсі уағыз айтып кеткен ер адамның видеосын желіден көріп қалдым. Шын мәнінде, оның әйелдерді кемсітуі, әншілерге, музыка өнеріне қатысты теріс пікір білдіруі болмысымызға мүлдем жат. Ұлттық таным-түсінікке сәйкес келмейді. Өйткені, Қазақстан – зайырлы мемлекет. Біздің темірқазығымыз – Конституция. Бірінші орында діни шектеулер емес, еліміздің заңдары тұрады, - деді Ерлан Қарин. 

Оның айтуынша, өнер мен мәдениетті дінге қарсы қою асыра сілтеушілік. Көпшілік алдында адамдарды алалау, өз пікірін қасақана тықпалау әдептілікке жатпайды.

Өнер мен мәдениетті дінге қарсы қою да – асыра сілтеушілік. Мемлекетіміз таңдаған жол бұл емес. Керісінше, еліміз білім мен ғылымға, өнер мен мәдениетке басымдық беріп келеді. Көпшілік алдында адамдарды бұлайша алалау, өз пікірін қасақана тықпалау әдептілікке жатпайды. Біз өзара құрмет пен мәдениетті биік қоямыз. Еліміздің жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыруға ерекше мән беріп отырғаны да сондықтан. Сол себепті, ұлттық болмыс пен елдік ұстанымдарға қайшы келетін мұндай әрекеттерге қоғам болып тосқауыл қоюымыз қажет, - деді ол.