Ерлан Қарин: Саяси жүйеде жаңа кезең басталды
Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың алғашқы сессиясына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
– Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың алғашқы сессиясын ашты. «Алғашқы сессия», «бірінші шақырылым» деген тіркестердің өзі бұл оқиғаның айрықша тарихи маңызын аңғартады. Бір жыл бұрын Мемлекет басшысы бір палаталы Парламентке көшу идеясын ұсынған еді. Міне, арада 355 күн өткенде бұл бастама жұмыс тобы мен Конституциялық комиссия аясындағы ұзақ, терең әрі жан-жақты талқылаулардан өтіп, жаңа Конституцияның бүкілхалықтық референдумда қабылдануы мен Құрылтай сайлауынан кейін іс жүзінде жүзеге асты, – деп жазды Ерлан Қарин.
Оның сөзінше, бүгіннен бастап мүлде жаңа заң шығарушы институт – бір палаталы Құрылтай өз жұмысын бастады.
– Жаңа жоғары өкілді орган билік тармақтары арасындағы анағұрлым орнықты тепе-теңдікті қамтамасыз ететін жаңа өкілеттіктерге ие болды. Құрылтай Вице-президент пен Премьер-министр лауазымдарына ұсынылатын кандидатураларды келіседі. Сондай-ақ Конституциялық соттың, Жоғарғы соттың, Орталық сайлау комиссиясының және Жоғары аудиторлық палатаның құрамын келісуге қатысады, – деді ол.
Ерлан Қарин конституциялық реформа мен Құрылтай сайлауы үлкен саясатқа жаңа тұлғалардың, қоғамдық қайраткерлердің жаңа буынының келуіне жол ашқанын атап өтті.
– Мұны депутаттық корпустың сапалық құрамы бұрынғы шақырылымдағы Парламентпен салыстырғанда айтарлықтай өзгергенінен байқауға болады. Әйелдердің үлесі екі есе артты, жастардың үлесі үш есе өсті. Депутаттардың орташа жасы төмендеп, қазір 45 жасты құрайды, – деп жазды Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары.
Құрылтай депутаттарының қатарында бұрынғы Ұлттық құрылтайдың 22 мүшесі және мәслихаттардың 26 экс-депутаты бар. Сондай-ақ Президенттік жастар кадр резервінің 10 мүшесі, Жастар саясаты жөніндегі кеңестің 4 мүшесі және Әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияның 5 мүшесі депутат болып сайланды. Сонымен бірге институционалдық сабақтастық та сақталған: 24 депутаттың парламенттік жұмыс тәжірибесі бар.
– Депутаттар арасында тәжірибелі мемлекеттік қызметшілер, партия өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар, кәсіпкерлер, аграрлық сектор мен өнеркәсіп мамандары, IT саласының, шығармашылық және креативті индустрияның, медиа саласының өкілдері, этномәдени бірлестіктер мен волонтерлік қозғалыс мүшелері, сондай-ақ жастар белсенділері бар. Осылайша, Президент Тоқаевтың реформалары көптеген белсенді азамат пен өз ісінің кәсіби мамандарына өзін үлкен саясатта көрсетуге нақты мүмкіндік беріп отыр, – деді Ерлан Қарин.
Ол Құрылтай жұмысының басталуымен бірге саяси жүйені толық институционалдық жаңғырту кезеңі де басталғанын айтты.