Ерлан Қарин Құрылтай сайлауында дауыс берді
Ол Құрылтай жаңа саяси жүйені қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
ҚР Президентінің Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин Құрылтай депутаттарын сайлауда дауыс берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Дауыс бергеннен кейін ол бүгінгі саяси науқанның ел үшін маңызына тоқталды.
Бұл сайлау шын мәнінде қатардағы сайлау емес. Әрине, кез келген сайлау науқаны маңызды. Бірақ бұл жолғы сайлауды тарихи оқиға деп айтуға болады. Себебі наурыз айында біз жаңа Конституцияға дауыс бердік. Бірінші кезеңде жаңа Конституция күшіне енді. Ал бүгінгі сайлаудың нәтижесінде жаңа бір палаталы Парламент – Құрылтайдың құрамы анықталмақ. Сондықтан бұл – жаңа дәуірдің бастауы, – деді Ерлан Қарин.
Оның айтуынша, Құрылтай жаңа саяси жүйені қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Құрылтай көптеген маңызды саяси және мемлекеттік институттарды қалыптастыруға қатысады, бірқатар лауазымды тұлғаларды бекітеді. Сондықтан Құрылтай жаңа саяси жүйенің құрылуындағы маңызды орган болады, – деді ол.
Ерлан Қарин сайлаудың маңызы тек мемлекеттік институттардың жаңаруымен шектелмейтінін атап өтті. Оның сөзінше, Президент жүргізіп жатқан реформалар қоғамдық-саяси үдерістерге де жаңа серпін беріп отыр.
Қоғамдық кеңістікке жаңа тұлғалар, жаңа күштер келіп жатыр. Жалпы қоғамдық саясаттың күн тәртібі жаңаруда. Қазіргі өзгерістер мен реформалар ауқымы, қарқыны және динамикасы жағынан еліміздегі соңғы онжылдықтардағы ең ірі жаңғыру үдерістерінің бірі деп айтуға болады. Бұл өзгерістердің ауқымын тек Қазақстанмен ғана емес, тұтас өңір көлеміндегі үдерістермен салыстыруға болады, – деді ол.