Ерлан Қарин Қоғамдық кеңестің Жер комиссиясынан қандай айырмашылығы бар екенін айтты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі туралы Жарлыққа қол қойды. Осы кеңестің жұмысы туралы BAQ.KZ тілшісіне ҚР президентінің кеңесшісі, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің хатшысы Ерлан Қарин айтып берді.
– Кеңес құрамында қанша адам бар?
– Кеңестің құрамында 44 адам бар. Одан бөлек, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл өз лауазымдарына сәйкес Ұлттық кеңестің құрамына кіреді. Төрағаның шешімі бойынша Ұлттық кеңеске республикалық және жергілікті деңгейдегі қоғамдық кеңестердің өкілдері, сондай-ақ өзге де адамдар енгізілуі мүмкін.
– Кеңес жұмыс істейтін жалпыұлттық проблемалардың айқын тізімі бар ма?
– Бізде қазіргі кезде әртүрлі мәселердің тізімі жасақталған. Енді сол мәселелерді кеңестің мүшелеріне енген азаматтармен бірлесе отырып талқылайтын боламыз.
– Ұйымның құрамына саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері бар ма?
– Соңғы бір айда консультациялар өткізілген болатын. Сол консультацияларда айтылған пікірлерді жүйелеп, осындай шешімге келдік. Қоғам белсенділері мынандай тәртіпке сәйкес іріктелді. Ұзақ уақыт бойы қоғамдық маңызы бар мәселелерді тұрақты көтеріп жүрген белсенділер, нақты бір сала бойынша шұғылданып жүрген кәсіби мамандар кеңеске кірді. Олар қоғамның барлық саласынан іріктелді. Саяси-қоғамдық алаңдардың, түрлі саяси күштердің өкілдерін тартуға тырыстық. Ескі оппозиция өкілдері де, жаңа қалыптасып келе жатқан қарсы топтардың өкілдері де бар.
– Бұл кеңестің "Жер комиссиясы" секілді диалог алаңдарынан қандай айырмашылығы бар?
– Дұрыс сұрақ қойып отырсыз. Кейбір сарапшылар, әлеуметтік желі белсенділері осыны айтып жүр. Оны мен де байқадым. Бұрындары құрылған диалог алаңдарымен салыстыратындар бар. Бұл дұрыс емес. Ол диалог алаңдары нақты бір мәселе бойынша уақытша құрылған. Жер комиссиясы – жер туралы заңға өзгеріс енгізуді талқылады. Ал Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі жалпыұлттық мәселелермен айналысады. Бұл тұрақты түрде жұмыс істейтін консультативтік орган. Президентке үнемі қоғамды алаңдататын мәселелерді ескеруге, тікелей диалог өткізуге, қоғам өкілдерімен пікір алмасып, тиісті бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
– Төраға ретінде ел президентінің кеңеске қатысуы қаншалықты мүмкін?
– Негізі үлкен пленарлық жиналыстар президенттің өз қатысуымен өтеді. Ал жұмыс топтарының мәжілістерінде тек мүшелер болады.
– Кеңес мүшелеріне жалақы төлене ме? Бюджеті қандай?
– Бұл тұрақты орган емес. Сондықтан ешқандай айлық төленбейді. Қоғамдық жұмыс. Қаржы республикалық бюджеттен бөлінеді. Бірақ көп емес.