Ерлан Қарин Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің отырысын өткізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматыда Мемлекеттік хатшы Ерлан Қариннің төрағалығымен жаңартылған құрамдағы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің бірінші отырысы өтті, деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.

Кеңестің жаңа құрамына қоғам белсенділері, жас ғалымдар мен кәсіпкерлер, өңірлердің, ауыл және шығармашыл жастардың өкілдері, «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегерлері, Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшелері, жастар ұйымдарының көшбасшылары кірді.

Жиында Ерлан Қарин Мемлекет басшысы Жолдауының негізгі бағыттарына тоқталды. Ол Президент ұсынған реформалар мемлекет жаңғыруының жаңа кезеңі екенін, Жаңа Қазақстанды құру мен жаңа бастамалардың бастауы болып табылатынын атап өтті. Бұл реформалар халық арасында, әсіресе жастар ортасында үлкен қолдауға ие.

Бұл ретте Жастар кеңесінің рөлі артады. Өйткені Кеңес мүшелерін заң жобаларын, тұжырымдамаларды және басқа да стратегиялық құжаттарды талқылауға қатыстыру көзделген.

Қазіргі уақытта Парламент Мәжілісінде «Жастар саясаты туралы» заң жобасы қаралып жатыр. Ерлан Қарин Кеңес өкілдерін Мәжілістегі жұмыс топтарының құрамына енгізуді ұсынды. Бұдан бөлек, Жастар саясаты жөніндегі кеңестің жүйелі жұмыс істеуі үшін оның жанынан түрлі комитеттер құру жоспарланған.

Жиында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов, ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов және «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Әзиз Ысқақов баяндама жасады.

Кездесу соңында Кеңес мүшелері мемлекеттік органдардың басшыларына өз сауалдарын қойып, ұсыныстарын айтты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы