Ерлан Қарин президент сайлауы туралы: Ереже өзгеріссіз қалады және қайта қаралмайды
Елордада өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» норманы қабылдады. Осы орайда Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин президентті бір реттік жеті жылға сайлау өзгерісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Бүгін Парламент қабылдаған саяси реформалар пакеті Қазақстанның жаңа демократиялық саяси модельге көшуін көрсетеді. Президент қайта сайлану құқығынсыз бір мерзімге сайланады. Бұл ереже өзгеріссіз қалады және қайта қаралмайды. Конституциялық сот судьяларының өкілеттік мерзімі президенттік және парламенттік судьяларға қарағанда ұзағырақ», – деді Ерлан Қарин.
Мемлекеттік кеңесші бұл реформалар пакетін бұрын жүзеге асырылған Конституциялық соттың жаңа институтын құру, Парламент өкілеттіктерін кеңейтумен қатар Президенттің өкілеттіктерін қысқарту, аралас сайлау жүйесін енгізу, партияларды тіркеу тәртібін жеңілдету, аймақтардың тәуелсіздігін нығайту секілді конституциялық реформалардың жиынтығы ретінде қарастыру керек деп есептейді.
«Осының бәрі бірігіп билік тармақтары арасындағы оңтайлы теңгерімімен мемлекеттік құрылымның жаңа институционалдық дизайнын құрайды. Жаңа мемлекеттік модель биліктің жүйелі түрде ауысып тұруын, саяси жүйенің болжамдығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етеді және тұтастай алғанда мемлекетіміздің одан әрі дамуын тек демократиялық бастамалар ме саяси бәсекелестік негізінде бекітеді. Басқаша айтқанда, жаңа реформалар пакеті саяси жүйенің трансформациялану процесін тұйықтайды жабады», – деді ол.
Ерлан Қарин енді барлық негізгі саяси институттарды (Президент, Парламент, мәслихаттар, Үкімет) қайта іске қосу керек екенін, оның бірінші кезеңі – Жолдауда жарияланған Президент сайлауы болатынын атап өтті.