Ерлан Қарин: Көне жәдігерлер қазіргі Қазақстан жерімен ғана шектелмейді

Орталық Азия аймағы, со­ның ішінде біздің өңір бай тарихымен, қазы­налы шежіресімен ерекшеленеді. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк кеңесшісі Ерлан Қарин айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Төл тарихымызға тікелей қатысы бар көне жәдігерлер қазіргі Қазақстан жерімен ғана шектелмейді. Арғы бабаларымыздың қаншалықты кең аумақты ен жайлап, еркін билеп төстегенін көрсететін балбал тастарды алып құрлықтың барлық қиырынан көруге болады. Кезінде тарихпен айналысып жүр­генде осы балбалдарды өзім де зерт­тегенмін, - дейді ол.

Оның айтуынша, бастапқыда Орхоннан Дунайға дейінгі кең-байтақ алқаптағы көне ескерткіштерді зерттеуге ұмтылып, кейін уақыттың тар­лығына байланысты Орхоннан Каспийге дейінгі аралықпен шектелуіме тура келді. 

Жинаған материалдарым «Ұлы даланың тас сақшы­лары» деген атаумен жарыққа шықты. Расымен, басынан аяғына дейін сан мың шақырымдық ұлан-ғайыр далада шашырай орналасқан балбалдар бір кезде бабаларымыз иелік еткен аумақтың шекара шебі іспетті көрінеді. Асқан шеберлікпен қашалған тас мүсіндер кейінгі ұрпаққа аманат еткен жерін қорғап, күзетіп тұрған батырлар сияқты әсер қалдырады. Сондай-ақ бүлінбей сақталған балбал­дардың мұрты, қылыштары, құмыралары – бәрі бір-бірінен аумайды. Осының өзі қазір бірнеше мемлекетке қарайтын, кең-байтақ даланы мекен еткен халықтардың мәдениеті, дәстүрі мен наным-сенімі бірдей екенін, яғни біртұтас өркениетке тиесілі екенін көрсетеді, - деп түйіндеді Мемлекеттiк кеңесші.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы