18 Қыркүйек 2026, 20:55 Фото: Ақорда

Ерлан Қарин: Еңбекқорлық ұлттық сипатымыздың ажырамас бөлігіне айналуы тиіс

Вице-Президент идеологиялық кеңестің кезекті отырысын өткізді

Ақордада Вице-президент Ерлан Қариннің төрағалығымен идеологиялық кеңестің кезекті отырысы өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Жиынға Президент Әкімшілігі құрылымдық бөлімшелерінің және әлеуметтік-мәдени және ақпараттық блоктарға жетекшілік ететін орталық мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.

Отырыста ішкі саясаттың қазіргі күн тәртібі қаралып, алдағы уақытта өтетін Еңбек күні секілді негізгі іс-шараларға дайындық барысы егжей-тегжейлі пысықталды.

Вице-Президент қоғамда еңбекқорлық пен өркендеу идеологиясын ілгерілету бағытындағы қарқынды жұмысты жалғастыру қажет екенін айрықша атап өтті.

– Мемлекет конституциялық құндылықтарды жан-жақты ілгерілетуде. Бұл қатарда еңбекқорлық пен прогресс, жұмысшы мамандықтар өкілдеріне құрмет көрсету де бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасампаз еңбек идеологиясын насихаттауға айрықша мән беріп, өз ісінің майталмандарын, еңбек әулеттерінің өкілдерін жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттап келеді, - деді Вице-президент.

Осы орайда, ақпараттық кеңістікте еңбек адамдарының жетістіктері мен ғұмыр жолын үнемі насихаттап, олардың еліміздің озық дамуына қосып отырған үлесін атап көрсеткен жөн. Отандық IT-жобалардың, стартаптардың табысты нәтижелеріне, жаңа цифрлық технологиялардың енгізілуіне айрықша назар аудару қажет. Бұл жұмыс белгілі бір іс-шаралармен ғана шектелмей, тұрақты әрі жүйелі түрде жүргізілуге тиіс.

– Түпкі мақсат – Президент айқындап бергендей, еңбекқорлықты ұлттық сипатымыздың ажырамас бөлігіне айналдыру, – деді Ерлан Қарин.

Кеңес қорытындысы бойынша Вице-Президент жауапты мемлекеттік органдарға ішкі саясаттың қазіргі күн тәртібіне қатысты нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ Мемлекет басшысының барлық бастамасы мен тапсырмасының тиімді іске асырылуын қамтамасыз етіп, олардың орындалуын бақылауды одан әрі жалғастыру қажет екенін айтты.

Еске салайық, бұған дейін Вице-президент салалық мемлекеттік органдарға конституциялық құндылықтарды дәріптеуді күшейтуді тапсырды