Кеше 2026, 12:00 Фото: ©BAQ.KZ архиві/ Артем Чурсинов

Ерлан Қарин: Жаңа Конституция жобасы елдің бірегейлігін нақтырақ айқындайды

Мемлекеттік кеңесші Конституциялық түзетулерді талқылауға арналған сараптамалық алаңда сөз сөйледі.

ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин Конституцияға енгізілетін түзетулерді талқылауға арналған сараптамалық алаңда сөз сөйлеп, елдің Негізгі заңына енгізілетін өзгерістерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Конституция – бұл жай ғана ең жоғары заңдық құжат немесе құқықтық акт емес, ол белгілі бір деңгейде қоғамдық келісім іспетті. Осы тұрғыдан алғанда жаңа жоба біздің болмысымызды және бірқатар негізгі мәселелер бойынша табиғи түрде қалыптасқан қоғамдық келісімді анағұрлым айқын көрсетеді. Қолданыстағы Конституция қабылданғалы бері үш онжылдық өтті. Осы уақыт ішінде қоғам едәуір өзгерді, талап-тілектер мен күтілімдер де жаңарды. Бүгінгі қоғам бұрынғыдан өзгеше, кейде өзекті мәселелерге әлдеқайда өткір реакция білдіреді, – деді Ерлан Қарин.

Ол жаңа Конституция жобасында бірқатар нормаларда табиғатқа ұқыпты қарау және экология мәселелері бекітілгенін атап өтті.

1990-жылдары мұндай күн тәртібі іс жүзінде болған жоқ. Ал социологиялық зерттеулердің нәтижесі көрсеткендей, азаматтар үшін конституциялық жаңашылдықтардың ішінде экология тақырыбы бірінші орынға шыққан. Қоғамдық талқылауларда да бұл мәселе алдыңғы қатарда тұр, адамдар Негізгі заңда табиғатты аялау және экологиялық мәдениетті дамыту қағидаттарының бекітілуі маңызды екенін айтып отыр. Демек, экологиялық бағыт қоғамдық сананың құндылығына айналды, – деді Мемлекеттік кеңесші.

Ерлан Карин жоба мәтінінде дәстүрлі құндылықтарды қорғау күшейтілгенін де айтты.

Сондай-ақ әйелдердің құқықтарын қорғауға айрықша көңіл бөлінген.

Соңғы жылдары қоғамда олардың тең құқықтылығы мен құқықтарының сақталуы мәселесі жиі көтеріліп келеді. Конституция жобасында бұл әйелдердің құқықтарын қорғау және некедегі ерлі-зайыптылардың теңдігі туралы нормалармен бекітілген, – деді Ерлан Қарин.

Бұдан бөлек, ол қоғамда мемлекеттің зайырлы сипатын нақтырақ айқындау жөнінде сұраныс болғанын атап өтті.

Бұл қағидат айқын болғанымен, азаматтар оның тікелей әрі екіұшты түсіндірмесіз бекітілгенін қалады. Жаңа жобада бұл тек декларация деңгейінде ғана емес: діни-рухани ұйымдарды қоспағанда, білім беру жүйесінің зайырлы екені нақты көрсетіледі. Сондай-ақ осыған қатысты ережелер құжаттың өзге баптарында да дамытылып, нақтылана түскен, – деп түйіндеді Мемлекеттік кеңесші.