20 Қазан 2026, 17:45 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Еркіндік пе, әлде тұрақты жалақы ма? Қазақстанда фрилансер болу қаншалықты тиімді?

Он жыл сәулетші болып істеп, веб-дизайнға ауысқан Айгерім Есенбекова мен HR сарапшы Жұлдыз Ыбытаева фриланстың мүмкіндіктері мен қиындықтары туралы айтып берді.

Еркін жұмыс кестесі, қашықтан еңбек ету және табысын өзі жоспарлау мүмкіндігі фрилансты еңбек нарығындағы балама жұмыс форматына айналдырып отыр. Алайда тұрақты жалақының болмауы, клиент іздеу және әлеуметтік кепілдіктердің шектеулі болуы бұл форматтың тәуекелдерін де арттырады.  Фриланс тұрақты табыс көзіне айнала ала ма және оған жету үшін не қажет? Бұл туралы BAQ.KZ тілшісі сала өкілі мен HR маманының пікірін білді.

Сәулетшіліктен веб-дизайнға дейін

Айгерім Есенбекова веб-дизайнға декреттік демалысқа шығар алдында қызығушылық танытқан. Сол кезде ол сәулетші әрі жобалаушы ретінде он жылдық тәжірибесі бар маман болған. Алайда бала күтімімен қатар бұрынғы жұмысын жалғастыру оңай емес екенін түсінген.

Сәулет саласында бір жобаның өзіне таңнан кешке дейін уақыт жұмсауға тура келеді. Ал жұмыс көлемі көп болғанымен, табыс үнемі соған сай өсе бермейді. Маған баламен бірге отырып та жұмыс істеуге мүмкіндік беретін формат қажет болды, – деді Айгерім.

Айгерім жаңа бағытты бірден таңдамаған. Бір жыл бойы веб-дизайнды зерттеп, интернеттегі тегін материалдардан, YouTube пен әлеуметтік желілердегі сабақтардан үйренген. Кейін арнайы оқудан өтіп, алғашқы тапсырыстарын таныстары арқылы алған.

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Оның айтуынша, жаңа салаға ауысқанда төрт нәрсеге назар аударған: жұмыс кестесін өзі жоспарлау, әртүрлі клиентпен жұмыс істеу, кеңсеге тұрақты баруға тәуелді болмау және еңбегіне қарай табысын арттыру мүмкіндігі.

Алғашқы тапсырыстарын Instagram арқылы іздеген Айгерім бүгінде клиенттерді әлеуметтік желі, бұрынғы тапсырыс берушілердің ұсынысы және компанияларға өзі жолдайтын жұмыс үлгілері арқылы табады.

Алғашында Instagram-ға сәулет саласынан веб-дизайнға ауысып жатқанымды жазып, үйреніп жүрген жұмыстарымды жариялай бастадым. Алғашқы тапсырыстар таныстарымның арасынан келді. Кейін клиенттер көбейіп, жұмыс біртіндеп жолға қойылды, – деді ол.

Табыс тұрақтылығы жоспарлауға байланысты

Айгерім веб-дизайн саласында алты жылдан бері жұмыс істейді. Қазір оның айтуынша, табысының шамамен 90 пайызы сайт жасау қызметінен түседі. Сонымен қатар ол веб-дизайнды үйренгісі келетіндерге арналған оқыту бағытын да дамытып жатыр.

Маманның пікірінше, фриланстағы басты қиындықтың бірі – тапсырыстың біркелкі түспеуі. Бір айда жұмыс көп болса, келесі айда тапсырыс азаюы мүмкін. Сондықтан ол табысын тұрақтандыру үшін жұмыс көлемін алдын ала жоспарлап, командамен жұмыс істеуді таңдаған.

Фриланстың ең үлкен кемшілігі – табыстың тұрақты болмауы. Мен ай сайын белгілі бір көлемде тапсырыс алуды жоспарлаймын. Қазір командамен жұмыс істейтіндіктен, өзімнің қолым тимей қалса, жобаның бір бөлігін командадағы мамандар жалғастыра алады, – дейді фрилансер.

Оның айтуынша, алғашқы төрт жылда тұрақты табысқа жету үшін күніне орта есеппен төрт сағат жұмыс істеуге тырысқан. Бұл уақытты бала күтімімен қатар үйлестіруге мүмкіндік берген.

Тапсырыс азайған кезде ол бұрын сайт жасап берген клиенттерге техникалық қолдау қызметін ұсынады. Мұндай жұмыс негізгі тапсырыстар аз болған кезеңде де табыс түсіріп тұрады. Бұған қоса, кейбір компанияларға арнап жасаған сайттары арқылы сатылымнан пайыз алу тәсілін де сынап жүр.

Айгерімнің тәжірибесі фриланста тұрақтылық тек жаңа клиент табуға байланысты емес екенін көрсетеді. Бұрынғы тапсырыс берушілермен байланысты сақтау, қосымша қызмет ұсыну және жұмысты алдын ала жоспарлау да маңызды.

Клиентпен келісім мен еңбекті бағалау

Фрилансер үшін тапсырыс табу ғана емес, клиентпен жұмыс шарттарын дұрыс келісу де маңызды. Айгерімнің айтуынша, веб-дизайнды тек әдемі сайт жасаумен шектеуге болмайды. Сайттың клиентке қаншалықты пайдалы болатыны, пайдаланушыны қажетті әрекетке бағыттауы және бизнес мақсатына сай келуі де ескерілуі керек.

Сондықтан ол жұмыс басталмай тұрып клиенттің аудиториясы, маркетинг жүйесі және сатылым жолы туралы ақпарат жинайды. Содан кейін жобаның міндетіне сай дизайн нұсқаларын ұсынып, тапсырыс берушімен бірге шешім қабылдайды.

Кейде клиент дизайнердің жұмысын бірден ұнатпауы мүмкін. Бірақ сайттың мақсаты тек әдемі көріну емес, белгілі бір міндетті орындау. Сондықтан оның маркетинг жүйесінде қай жерде қолданылатынын алдын ала түсіндіріп, келісіп алған дұрыс, – дейді маман.

Айгерім жұмыс көлемін, мерзімін және қызмет құнын келісімшартта бекітуге кеңес береді. Төлемді де бірнеше кезеңге бөледі: жұмысты бастамас бұрын алдын ала төлем алып, қалған соманы келісілген кезеңдерде төлетеді. Егер мерзім өзгерсе, клиентке бұл туралы алдын ала хабарлайды.

Ол жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, салық төлейтінін айтады. Құжаттар мен келісімшарттарды реттеп отыру, бухгалтерлік есеп жүргізу оған компаниялармен ресми жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Фриланс еңбек нарығын қалай өзгертеді?

HR сарапшы Жұлдыз Ыбытаеваның сөзінше, соңғы жылдары фриланстың еңбек нарығының тұрақты бөлігіне айналуына цифрландыру, онлайн жұмыс істеудің дамуы және жобалық жұмыстың көбеюі әсер етуде.

Кейбір компанияларға шығындарын тиімді басқаруда фриланстағы мамандармен жұмыс істеу ыңғайлы. Мысалы, бизнеске рекрутер, дизайнер, SMM маманы, аудармашы немесе IT маманы белгілі бір жоба аясында ғана қажет болуы мүмкін. Қысқа мерзімді жобалар үшін штатқа қызметкер алу міндетті емес. Бүгінде фриланс тек еркін жұмыс істеу емес,  жұмыспен қамтудың жеке форматы, – деді сарапшы.

Жұлдыз Ыбытаева фрилансер мамандардың өздері де бір жұмыс берушіге тәуелді болмай, бірнеше клиентпен жұмыс істеуге, жұмыс уақытын өз бетінше жоспарлауға және кәсіби қызметін кеңейтуге ұмтылатынын жеткізді. Оның айтуынша, қазіргі цифрлық платформалардың арқасында қазақстандық маман шетелдік компанияларға да қызмет көрсету мүмкіндігіне ие болған.

Сарапшының фриланстың тұрақты жұмыспен бәсекелесе алады, бірақ әзірге оны толық алмастыра алмайтынын атап өтті. Себебі азаматтардың басым көпшілігі үшін тұрақты табыс пен әлеуметтік кепілдіктер маңызды.

Фриланс белгілі бір мамандарға көбірек еркіндік пен жоғары табыс табу мүмкіндігін ұсынғанымен, табыс тұрақтылығына қатысты тәуекелдері бар. Фриланс қызмет атқарып жүріп, өз кәсіптерін ашқандар бар. Бірақ салыстырмалы түрде аз. Фриланстық қызметті тұрақты жұмысымен қатар алып жүргендер де бар.  Бұл екі форматты бір-біріне балама ретінде қарастырған дұрыс, бірақ фриланс жақын арада тұрақты жұмыстың орнын толық басады деп айтуға келмейді, – деп атап өтті Жұлдыз Ыбытаева.

HR сарапшының пікірінше, тұрақты жұмыс еңбек нарығындағы негізгі форматтардың бірі болып қала береді, ал фриланс қосымша табыс табудың немесе өз ісін дамытудың мүмкіндігі ретінде дами бермек.

Жұлдыз Ыбытаеваның сөзінше, фриланстағы табыс тапсырыс пен клиент санына байланысты өзгеріп отырады. Сондықтан маманға кәсіби дағдымен қатар, қаржылық сауаттылық та қажет. Тапсырыс азайған немесе уақытша тоқтаған кезеңдерге алдын ала дайын болған жөн.

Тұрақты жұмыстың артықшылықтарының бірі – әлеуметтік кепілдіктер. Оларға ақылы еңбек демалысы, еңбек құқықтарының қорғалуы және заңда көзделген әлеуметтік төлемдер жатады. Ал фрилансердің әлеуметтік қорғалуы оның жұмыс істеу форматына, жасалған шарттарға және әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысуына байланысты.

Фрилансер зейнетақы жарналарын, медициналық сақтандыру мен басқа да міндетті төлемдерді өз жұмыс форматына сәйкес қадағалап отыруы керек. Еңбек құқықтарының қорғалуы да тараптар арасындағы шартқа және қолданыстағы заңнамаға байланысты, – деді HR сарапшысы.

Сарапшы фриланстың бірнеше негізгі артықшылығын атап өтті.

Біріншіден, маман табысын арттыру мүмкіндігіне ие. Штаттағы қызметкердің жалақысы көбіне лауазымына, компанияның бюджетіне және бекітілген еңбекақы жүйесіне байланысты болса, фрилансер қызмет құнын көтеріп, клиенттер санын көбейту немесе күрделі жобаларды алу арқылы кірісін арттыра алады. Алайда бұл үшін маманның қызметіне нарықта сұраныс болуы қажет.

Екіншіден, бірнеше табыс көзін қалыптастыруға болады. Бір клиентпен жұмыс тоқтаған жағдайда басқа тапсырыс берушілерден түсетін табыс қаржылық тұрақтылықты сақтауға көмектесуі мүмкін.

Үшіншіден, жұмыс пен жеке өмірді жоспарлауда еркіндік бар. Маман өз уақытын ұйымдастырып, кәсіби бағытына сай жобаларды таңдай алады. Дегенмен бұл фрилансер аз жұмыс істейді дегенді білдірмейді. Кей жағдайда оның жұмыс жүктемесі штаттағы қызметкерден де көп болуы мүмкін.

Төртіншіден, географиялық шектеулер азаяды. Қазақстанның бір қаласында тұрып-ақ басқа өңірлердегі немесе шетелдегі клиенттермен жұмыс істеуге болады.

Қорытындылай келе, фриланс тұрақты табыс көзіне айналуы үшін кәсіби дағдымен қатар, қаржыны жоспарлау, клиенттермен ұзақ мерзімді байланыс орнату және әлеуметтік төлемдерді назардан тыс қалдырмау маңызды. Сарапшылардың пікірінше, фриланс дәстүрлі жұмыстың орнын толық баспаса да, еңбек нарығындағы балама формат ретінде дами береді.

Тағы оқи отырыңыз: Жастар арасында фрилансерлердің көбею себебі неде? 

Фриланс психологиясы: Еркіндік пен жалғыздық арасындағы өмір