Еркін Жамантайұлы Моңғолияның "Үздік жаттықтырушысы" атанды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Моңғолияның Баян-Өлгий аймағына қарасты Цэнгэл ауданында дүниеге келген Еркін Жамантайұлы бокстен 2019 жылдың "Үздік жаттықтырушысы" атанды.
2011-2015 жылдар аралығында Моңғолия бокс құрамасында өнер көрсеткен Еркін бірнеше рет халықаралық чемпионаттардың жеңімпазы, күміс, қола медаль иегері атанды. Сонымен қатар 2013 жылы Германияда өткен Әлем кубогында 52 келі салмақ дәрежесі бойынша қола жүлде иеленді.
Еркін Жамантайұлы халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 2016 жылдан бері Моңғолия Ішкі істер спорттық қоғамының бокс бойынша аға жаттықтырушысы.
Сол кезден бері жастарды боксқа дайындап келемін. Соңғы үш жылдың өзінде мен дайындаған спортшылар республикалық, халықаралық, әлемдік жарыстардан 86 алтын, 73 күміс, 102 қола алған екен. Сондай-ақ шәкірттерім 12 рет үздік боксшы атанса, командалық есеп бойынша 4 рет бірінші, 4 рет екінші, 3 рет үшінші орын иелендік. Осы күнге дейін 6 рет үздік тренер атандым - дейді қандасымыз.
Еркін Жамантайұлының шәкіртерінің биылғы жетістіктері де осал емес.
Еркіннің осы еңбегін ескерген Моңғолия бокс федерациясы оны 2019 жылдың «Ең үздік жаттықтырушысы» атады.Биыл Біріккен Араб Әмірліктерінде жасөспірімдер арасында өткен Азия чемпионатында Моңғолия тарихында тұңғыш рет қыз боксшы алтын медальға ие болды. Мен тәрбиелеп жүрген Т.Номин-Эрдэнэ атты спортшы қыздар арасында 57 келі салмақта жеңімпаз атанды - дейді жас жаттықтырушы.