Еркін микрофон: Қарағандылықтар Қасым Аманжоловтың өлеңдерін оқыды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Қасым көшесі ...» акциясын ұйымдастырды. Ақын, публицист және аудармашы Қасым Аманжоловтың 110 жылдығына арналған іс-шараға Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы қолдау көрсеткен.

Қарағанды облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, акция екі кезеңде өткен. Алдымен 2-3 адамнан тұратын бірнеше команда Қасым Аманжолов атындағы көше бойымен үлестірмелі материалдармен жүріп өтті. Олар ақын туралы айтып, оның өлеңдерін оқып, ән айтқан.

Содан кейін Қасым Аманжоловтың ескерткішінде «Еркін микрофон» түріндегі поэтикалық сағат өтті. Кез келген адам тоқтап, ұлы қазақ ақынының шығармаларынан бірнеше жолды оқи алды. Өлеңдер тек қазақ тілінде ғана шырқалмады. Қарағандылықтар Қасым Аманжоловтың шығармаларын әзірбайжан, орыс, неміс тілдерінде оқыды.

Акцияға жергілікті ақындар, «Жыр-Жауһар» шығармашылық орталығының және этномәдени бірлестіктердің мүшелері, дәстүрлі Аманжолов оқуларының жеңімпаздары, жастар, мүшелері, кітапханашылар және қарағандылықтардың барлығы қатысты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы