Ерінді үлкейту денсаулыққа зиян ба? – Косметолог жауап берді

Қазіргі уақытта сұлулық индустриясы жаңа мүмкіндіктер мен қызметтер ұсынып жатыр. Әлеуметтік желілердің, әсіресе Instagram мен TikTok-тың дамуы жаңа сұлулық трендерін қалыптастырды. Бұл трендтер эстетикалық хирургия мен косметологияны белсенді түрде дамуына себеп болды. Сұлулық әлеміндегі өзгерістер жайлы косметолог Жанна Абсеевамен сұхбаттасқан едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

-Косметологтарға пациенттер жиі қандай мәселелермен жүгінеді? 

- Пациенттер көбінесе тері жағдайының төмендеуі, безеулердің пайда болуы, терідегі қара дақтардың көбейіп кетуі, сондай-ақ ерте пайда болған әжімдермен келеді. Бұл мәселелер әртүрлі себептерден туындайды. Сондықтан олардың шешімі де әртүрлі болады. Біз әр пациенттің жағдайына қарай арнайы диагноз қойып, ең тиімді емдеу жоспарын ұсынамыз. 

- Безеудің шығу себебі әртүрлі болғандықтан, олардың емдеу тәсілдері де әртүрлі. Қалай ойлайсыз, косметологтар қандай жағдайда науқастарға кәсіби көмек көрсетуі керек? 

- Безеудің шығу себептері әртүрлі болуы мүмкін, мысалы, гормоналды өзгерістер, стресстік жағдайлар немесе дұрыс емес тері күтімі. Сондықтан әрбір пациентке жеке көзқарас керек. Әрине, мұндай жағдайларда кәсіби дәрігердің араласуы өте маңызды, себебі біз тек сыртқы белгілерді емдеп қана қоймай, ішкі себептерін де анықтап, кешенді емдеу әдістерін ұсынамыз. Бұл жерде біз косметологиялық процедуралар мен ішкі емдеуді үйлестіреміз, тек сол кезде ғана жақсы нәтижелерге қол жеткізуге болады.

- Бет әлпетін айтарлықтай өзгерту үшін қандай әдістер қолданылады? Қандай процедуралар косметология саласында кең таралған? 

- Егер біз бет әлпетін толықтай өзгерту туралы айтатын болсақ, мұндай жағдайда пластикалық хирургтердің көмегі қажет болады. Олар бет құрылымын түбегейлі өзгертетін хирургиялық операцияларды жүзеге асырады. Ал косметология тұрғысынан, біз бет пішінін жақсарту үшін басқа әдістерді қолданамыз, мысалы, жақ сүйегін реттеу, мұрынды көтеру немесе мұрын тесіктерін кішірейту сияқты косметологиялық процедуралар. Бұл процедуралар бет әлпетін айтарлықтай өзгертпей, оның табиғи сұлулығын сақтап қалуға көмектеседі.

- Соңғы жылдары қабағын дұрыстау процедурасы көп сұранысқа ие болды. Бұл процесс туралы не айтасыз? 

- Қабағын дұрыстау – негізінен хирургиялық әдіс. Бұл процедураны көбінесе пластикалық хирургтар орындайды. Косметолог пигмент теңсіздігі, безеудің іздері, тері құрылымын жақсарту сияқты мәселелермен айналысамыз. Косметолог-инъекционистердің жұмысы тері астына инъекция жасау арқылы жүргізіледі және бұл арнайы білім мен тәжірибені талап етеді. Қабағын дұрыстау процедурасында әдетте хирургиялық әдістер қолданылатындықтан, оны шешу үшін дәрігерлік көмек қажет болады.Сол үшін маманды да дұрыс таңдау маңызды.

- Еріндерді үлкейту туралы айтсаңыз, бұл процедура дұрыс па? 

- Еріндерді үлкейту – өте танымал косметологиялық процедуралардың бірі. Көптеген пациенттерде еріндер табиғи түрде жіңішке немесе олардың пішіні симметриялы емес болады. Еріндерге гиалурон қышқылы негізінде филлерлер енгізу арқылы біз оларды табиғи түрде үлкейтіп, пішінін түзете аламыз. Сонымен қатар, ерін айналасындағы әжімдер мен құрғауды болдырмау үшін де осы әдіс қолданылады. Гиалурон қышқылы теріні ылғалдандырып, оның көлемін арттырады, нәтижесінде еріндер тартымды әрі жас көрінеді.

- Қазіргі уақытта косметология саласындағы жаңа тенденциялар мен үрдістердің көптеп пайда болуына не себеп болды деп ойлайсыз?

- Косметологияның танымал болуының негізгі себептерінің бірі – адамдардың өзіне деген көңілі мен сыртқы келбетін жақсарту бағытындағы ұмтылысы. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде және медиаға байланысты адамдар трендтерден қалмау үшін түрлі косметологиялық процедураларға жиі жүгінеді. Бұл өзгерістер көбінесе өзін-өзі жақсы сезіну мен әлеуметтік белсенділікті арттыру мақсатында жүзеге асырылады. Алайда, мұндай процедураларға өте жауапкершілікпен қарау қажет. Әсіресе гиалурон қышқылы негізіндегі филлерлерді тым көп қолдану – үлкен қателік болуы мүмкін.

- Косметология саласында ең көп кездесетін қателіктер мен олардың алдын алу жолдары қандай? 

- Әрине, ең үлкен қателіктердің бірі – филлерлерді мөлшерден тыс қолдану. Қазіргі таңда, мысалы, бет пішінін өзгерту үшін "угл Джоли" тәрізді трендтер пайда болды. Бірақ бұл әдіс көптеген мамандар тарапынан сынға алынады. Тым көп филлер салу бет әлпетінің табиғи көрінісін бұзады, сонымен қатар бұл түрі эстетикалық тұрғыдан дұрыс емес. Осыдан басқа, гельдердің шамадан тыс қолданылуы тері астындағы құрылымды бұзып, ісіну немесе басқа асқынуларға алып келуі мүмкін. Сондықтан әрбір процедураға кәсіби маманның кеңесімен, дұрыс мөлшерде және анық көрсеткіштерге сәйкес жасау өте маңызды. Жалпы косметологтың басты міндеті – науқастың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Ол пациенттің ішкі қажеттіліктерін түсініп, оның сыртқы келбетіне де көңіл бөле отырып, кәсіби түрде дұрыс шешім қабылдауы қажет. Маман тек өз пайдасын емес, пациенттің мақсаттары мен күтілетін нәтижелерін ескере отырып, әрқашан этика мен жауапкершілікті ұстануы керек. 

- Сұхбат бергеніңізге рахмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы