Еріктілердің ең төменгі жас шегі белгіленеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Волонтерлікті дамытудың 2021-2023 жылдарға арналған жол картасы жайында баяндап берді.

Ел Президентінің бастамасымен қолға алынған волонтерлік қозғалыс жалпыхалықтық қолдауға ие болған жобаға айналды. Әсіресе былтырғы пандемия кезінде халықтың шынайы қайырымдылық қасиеті мен елге деген жеке жауапкершілігі ерекше білінді, - деді министр.

Балаева айтқандай, бір жыл ішінде волонтерлік қызметтің қарқыны артып, бағдарламалар мен жобалардың ауқымы айтарлықтай кеңейе түсті. Атап айтқанда, волонтерлік ұйымдардың саны үш есеге, еріктілер қатары төрт есеге көбейді.

Пандемия кезінде 500 мыңға жуық азамат волонтерлік қызметке қатысып, 1 млн-нан астам мұқтаж жанға көмек көрсетілді. 80 мыңнан астам азық-түлік себеті, 4,5 млн медициналық жабдық таратылды. Осы қалыптасқан ауқымды мүмкіндіктер мен адами ресурсты сақтай отырып, волонтерлікті дамытудың жол картасы аясында еріктілер қозғалысын қолдау биыл да өз жалғасын тауып отыр, - деп баяндады Ақпарат министрі.

Оның айтуынша, жол картасының кешенді іс-шаралар топтамасы аясында бірқатар бағыт айқындалды.

Атап айтқанда, заңнамалық деңгейде өзгерістер енгізу. Оның аясында оқуға тапсыру мен жұмысқа орналасу кезінде жеңілдіктер қарастыру, волонтерлердің құқығы мен міндеттерін кеңейту, еріктілердің ең төменгі жас шегін белгілеу және корпоративтік волонтерлік нормалар сияқты жаңашылдықтар қарастырылған, - дейді министр.

Талқылаудан өткеннен соң, заң жобасы 1 шілдеге дейін Үкімет қарауына енгізіледі.

Сонымен қатар волонтерлік қызметті қолдау стандарты әзірленіп, оның негізінде мемлекеттік органдарға тиісті бағыт-бағдар беріледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы