Еріктілер Үркер елді мекеніндегі тұрғындардың ауласының қарын күреп берді

Елордалық еріктілер Үркер елді мекенінде тұрғындардың ауласының қарын күреп көмектесті, деп хабарлайды BAQ.KZ Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

«Астана Жастары» ЖРО және «Жастар рухы» еріктілері Үркер елді мекенінде бес үйдің ауласының қарын күреп көмектесті. 

Елордалық еріктілермен бірге қайырымдылық акциясына мәслихат депутаты Арсланбек Мағзұм қатысты. 

Бірінші кезекте біз қарттар мен жалғызбасты азаматтарға көмектескіміз келеді. «Астана Жастары» және «Жастар рухы» еріктілерімен бірге біз Үркер елді мекенінің тұрғындарына қолғабыс етуге келдік. Мемлекет басшысы волонтерлік қызметтің баға жетпес үлесі туралы бірнеше рет айтқан. Біздің жігіттер қашанда бірінші болып ұмтылады және қажет болған жағдайда көмекке асығады. Өскелең ұрпақ біздің еріктілерімізді үлгі тұтқанын қалаймын, - деді депутат. 

Естеріңізге сала кетейік, бұл акция елорданың барлық 5 ауданын қамтиды. 

«Биыл қар көп жауды. Күреп үлгере алмай жатырмыз. Жастар уақытында көмектесті. Жалғыз не істерімді білмей жүр едім. Осындай балаларды тәрбиелеген ата-аналарға мың алғыс. Бізге қоңырау шалып, қар күреуге көмектесетінін айтқан кезде қатты қуандық. Осы аптада толассыз қар жауды, тіпті есігімізді ашу қиын болды. Қартайған соң бойдан қуат кетті, бұрынғыдай күш жоқ. Уақытын бөліп, қолғабыс етуге келген жас жігіттерге көп рахмет. Бұл біз үшін үлкен көмек, - деді Үркер тұрғын алабының тұрғыны. 

Айта кету керек, еріктілер тек қар күреумен ғана шектелмейді. Олар сондай-ақ коммуналдық қызмет мамандарына ыстық шай мен бауырсақ таратады, халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан отбасыларға азық-түлік себеттерін тасымалдайды, қарт азаматтарға отын кесуге көмектеседі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Елорда әкімдігінің ресми сайты
Өзгелердің жаңалығы