Ақмолада еріктілер ауыл балаларына ағылшын тілін үйретуде
Ақмола, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола облысында бастау алған «English for jastar» жобасы өңірдің шалғай ауылдарында жалғасуда.
Былтыр «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты Ақмола облыстық филиалы қолға алған жаңа жоба ауылдық елді мекен жастарына ағылшын тілін үйретуді көздейді.
«Қазіргі күні жоба облыстың Аршалы, Астрахан, Бурабай, Бұланды, Зеренді, Целиноград, Шортанды аудандары мен Краснояр селосында жүзеге асырылуда. Биыл ағылшын тілі курсын жүргізуге 12 ерікті жасақталды. Оның 11-і Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті мен А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің студенттері. Сондай-ақ Иран Ислам мемлекетінен келген Бабай Дорса есімді шетел азаматы жобаға тартылды. Еріктілер екі ай бойы 600-ге жуық оқушыға тіл үйрету курстарын жүргізетін болады», - дейді «Жас Отан» жастар қанаты Ақмола облыстық филиалының төрағасы Сұлтанбек Бекешев.
Курс еркін форматта өтеді. Ағылшын тілін үйретуде түрлі әдістер қолданылатындықтан, балалардың оқуға деген ынта-жігері артуда. Айталық, «Speaking club» форматында әңгімелесу түріндегі ағылшын тілі клубы жұмыс істейді. Мұнда студенттер сабақ бойы бір-бірлерімен ағылшын тілінде ғана сөйлеседі. Оқушылар әр түрлі тақырыпта дебаттар өткізіп, белгілі сахналық қойылымдарды талқылайды.
«Оқушылар үшін бейнеконтентті ағылшын тілінде көріп, пікір алмасуға мүмкіндік жасалған. Сондай-ақ ойын түріндегі «Fun Games», «TPRS» семинарлары өткізіледі. Эссе жазу, сахналық қойылымдар қою арқылы оқушылардың шығармашылық әлеуеті артады. Пікір алмасу клубтарында халықаралық тілде еркін сөйлеу білуге үйренуге болады», - дейді Сұлтанбек Бекешев.
«English for jastar» жобасына оқушылармен қатар, мектеп ұжымы мен ата-аналар да оң пікір білдіруде. Еріктілер аталған жоба ауыл мектептеріндегі балалардың ағылшын тілін үйренуге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, ерікті жастардың да болашақ мамандықтарына деген жауапкершілігін арттырады деген сенімде. Білім беру жобасы жаңа еріктілермен толығып, тіл үйренушілер қатары да артады деп күтілуде.
«Шет тілін меңгеру – қажеттілік. Жастардың жан-жақты болғаны дұрыс. Сабақ барысында маған балалардың тіл үйренуге деген құлшынысы ұнады. Шалғайдағы ауыл жастарына арман-мақсаттарының жүзеге асатынын ұғындырғым келеді. Бұл жоба болашақта өзімді жетілдірудің жақсы бастауы болады, әрі тәжірибе жинақтауға, жаңа қырларымды ашуға көмектеседі деп ойлаймын», - дейді жоба қатысушысы Юлия Крицкая.