Ерікті түрде қару тапсырғандардың көбі түркістандықтар
Заңсыз сақталған қару-жарақ заттарды ерікті түрде өтемді тапсыруға ниет білдірген азаматтардың көбі түркістандықтар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитеті Қару айналымын бақылау басқармасының бастығы Асылбек Ыдырысов «Заңсыз сақталған қаруды сатып алу акциясының қорытындысы туралы» брифинг барысында мәлімдеді.
Ыдырысовтың мәліметіне сүйенсек, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Жетісу және Ұлытау облыстарында бөлінген қаражатты игеруімен байланысты акция тоқтатылған.
Талдау көрсеткені қарудың ең көп тапсырылған саны Түркістан (187 бірлік), Жамбыл (134 бірлік), Қызылорда (94 бірлік), Абай, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстарында (60 бірліктен астам), - деп атап өтті Қару айналымын бақылау басқармасының бастығы.
Қаруды өтемді тапсырғаны үшін төлемдер мөлшері олардың түріне, техникалық күй-жайына байланысты әр бірлігі үшін (10 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейін) 34 мыңнан 345 мыңға дейін әр түрлі болады.
Бұған дейін полицияға ерікті түрде 18 мыңнан астам оқ-дәрі тапсырылғанын жазған едік.