Ерікті студенттер мектеп оқушыларына жол көрсетеді
Студенттер мектептерде ерікті болып қызмет атқарады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өткен жылдың қарашасында Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігі мектеп оқушылары үшін қолайлы және дамытушы білім беру ортасын құруға белсенді жәрдемдесу мақсатында «Менің бауырым» еріктілер жобасына бастамашылық жасады. Бұл ұрпақтар арасындағы қамқорлықтың маңыздылығын көрсететін жоба болды.
Аталмыш жоба аясында Астана қаласындағы жоғары оқу орындарының 700 ерікті студенті пилоттық режимде оқудан өткен. Еріктілер қатарына педагог, психолог, әлеуметтік педагог, заңгер, IT мамандықтары бойынша 3-4 курс студенттері қабылданды,-дейді баспасөз орталығы ұсынған ақпаратта.
Сондай-ақ ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Жолдас Батырханнан бұл жобаның маңыздылығын сұрап көрдік.
Зерттеуге сүйенсек, мектеп жасындағы балалар өзінің сырын ата-ана, мұғалімге қарағанда замандасына не бір-екі жас үлкен жастарға айтады екен. Осыған байланысты ұрпақтар сабақтастығын дәріптейтін, балаларға құқықтық, психологиялық тұрғыдан жәрдем көрсету мақсатында педагогика мамандығында оқып жатқан соңғы курс студенттерін осы жобаға жұмылдырдық. Қазіргі таңда еліміздің барлық аумағында жүргізіліп отыр,-деді ол.
5 ақпаннан бастап студенттер мектептерде еріктілер қызметін бастаған. Жобаны іске асыру шеңберінде дөңгелек үстелдер ұйымдастыру, тренингтер өткізу, танысуды, салауатты коммуникацияны және ортақ мүдделерді белгілеуді қоса алғанда, коммуникативтік дағдыларды әзірлеу сияқты әртүрлі және тиімді жұмыс нысандарын белсенді пайдалану жоспарлануда. Сондай-ақ, шеберлік сыныптары, флэшмобтар, челлендждер, спорттық турнирлер, қайырымдылық акциялары, ток-шоу және TEDX форматындағы сыныптан тыс іс-шаралар қарастырылған.