Ерікті болу өте маңызды жұмыс, өмірлік миссия – жас волонтер
«Қамқорлық мекен-жайы» жобасы аясында «Астана жастары» волонтерлері жалғыз басты зейнеткерлердің 40 жеке ауласына көмек көрсетті. Сондай-ақ кәсіпорындар мен волонтерлік ұйымдар қар тазалау бойынша 20 акция ұйымдастырды. Осы жоба аясында азық-түлік жиынтығы түрінде тұрақты көмек көрсетілді. Осындай жобалардың басы-қасында жүрген жалынды жастардың бірімен BAQ.KZ тілшісі сұхбаттасып көрген еді.
Ерікті болуға не түрткі болды? Бұл «жұмыс» үшін қандай қасиеттер маңызды?
Есімім – Әсел Нұрышева. Астанаға білім алып, оқуға келген едім, қазір осы жақта жұмыс істеп жатырмын. Негізі, ерікті болуды осыдан 3 жыл бұрын бастаған едім. Барлық жұмысты тегін істеп, тәжірибе жинадым. Өзімнің командамның басынан бір қиын жағдай өтті дей алмаймын. Себебі өзім кішкентайымнан жоспар құруды жетік меңгердім. Ерікті боламын деген адамда бірінші кезекте адамгершілік пен адалдық қасиеттері болуы қажет.
Есте қалған қалған сәттер бар ма?
Астана қаласында 2022 жылы ерікті болып жүргенде жұмыс, жоба және іс-шара көп болған еді. Сол кезде туған күнімді кеңседе өткізген едім. Кеңседе 1,5 ай тұрдым десе де болады. Мен үшін қызық оқиға сол болған екен.
Ерікті болып Рим Папасының Мессасы, дзюдодан Азия чемпионаты, Eurasian Book Fair, Наурыз, Экспо және т. б. сияқты халықаралық ауқымдағы іс-шараларға белсенді қатыстым. Сол кездер де еста қалыпты.
Сіздер мұқтаж адамдарды қайдан табатын едіңіздер?
Әлеуметтік саладағы әртүрлі ұйымдармен байланыс ұстауға тырысатын едік. Мысалы қарттар үйімен 1-2 апта бұрын келісіп аламыз. Сол жақтағы арнайы жұмыс істейтін мамандармен ақылдасып, жоспар құрып, концерт ұйымдастырып беретін едік. Көмек керек адамдардың арнайы тізімі де бар. Кей жағдайда мемлекет те қаржы бөлуі мүмкін, дегенмен көп жағдайда еріктілердің командалары өз күштеріне өздері сенетін.
Жастарға, соның ішінде осы ерікті болғысы келетін адамдарға қандай кеңес бересіз?
Ерікті ретінде жұмыс істеу сені күнделікті күйбең тіршіліктен алшақтатып, өміріңді түрлендіруіңе тікелей әсер етеді. Сондықтан жас кезіңнен бастап ерікті болу өте маңызды. Ерікті болу өмірлік ұстанымыңды қалыптастырып, әлеуметтік жауапкершілікті сезінуге шақырады. Бұл оңай жұмыс емес. Волонтер болу өте маңызды кәсіп, өмірлік миссия. Өйткені сен өз әрекеттерің арқылы өзіңнен кішілерге үлгі боласың.