Ерғалиев: Жаңа Ұлттық жоспар елдің әлеуметтік дамуын көздейтін болады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Мемлекет басшысының 2021 жылғы 26 ақпандағы Жарлығымен бекітілген елдің 2025 жылға дейінгі дамуының Ұлттық жоспарын таныстырды.
Министрдің айтуынша, 2018 жылы қабылданған 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары елді үшінші жаңғырту процестерін іске қосты. Алайда пандемия әсер еткен жаһандық экономика дамуының күрт өзгеруі негізгі даму сценарийін түбегейлі өзгертіп, «жаңа ақиқатты» қалыптастырды.
Жоспар халықтың тұрғын үйге, дамыған инфрақұрылымға, сапалы білім беру мен денсаулық сақтауға, жұмыспен қамтуға және тұрақты табыс көзіне базалық қажеттіліктерін қанағаттандыруға арналған. Нәтижелі жұмыспен қамтуды дамыту және халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру – бұл ел дамуының Ұлттық жоспарының негізгі стратегиялық міндеттері, - деді Ұлттық экономика министрі.
Әсет Ерғалиевтің айтуынша, әлеуметтік қамсыздандыру жаңа Әлеуметтік кодекспен реттелетін болады.
Жоспарға сәйкес, денсаулық сақтау саласы білікті кадрлармен қамтамасыз етілсе, ал емдеу мекемелері қазіргі заманғы жабдықтармен, диагностика және емдеу әдістерімен толық жарақтандырылады. Барлық өңірде 20 заманауи медициналық орталық, 12 инфекциялық аурухана және Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында 2 ғылыми-инновациялық көпбейінді клиника салынады. Дәрігерлердің жалақысы 2025 жылға қарай 2,5 есе өседі.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін Мемлекеттік стратегиялау жоспарының жаңа жүйесі таныстырылды. Сонымен қатар Келімбетов мемлекеттік органдар өздері үшін емес, халық үшін жұмыс істейтін болатынын айтты.