Ерғалиев ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттыратын жоба туралы айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев 2019 жылдан бері жүзеге асырылып жатқан «Ауыл - Ел бесігі» жобасының маңыздылығы туралы айтты.

Елбасының тапсырмасына сәйкес 2019 жылдан бастап «Ауыл - Ел бесігі» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жобаның мақсаты – инфрақұрылымды жаңғырту есебінен, оны жаңа өңірлік стандарттар параметрлеріне жеткізе отырып, ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттыру.

Жобаның шеңберінде 3,5 мыңнан астам перспективалы ауыл айқындалды, онда еліміздегі ауыл халқының 90%-ға жуығы тұрады. Атап айтсақ, 1 173 тірек және 2 388 спутниктік ауыл іріктелді. Тірек ауыл - бұл көлік байланысы бар және әлеуметтік игіліктер мен қызметтер көрсететін, оның ішінде спутниктік ауылдардың тұрғындары үшін де дамыған инфрақұрылымы бар абаттандырылған елді мекен, - деді министр.
Сонымен қатар перспективалы ауылдарды іріктеу кезінде 156 параметр негізінде статистикалық талдау жүргізілді. Ортақ пайдаланылатын инфрақұрылымды орналастыру мүмкіндіктері, экономикалық параметрлер, сондай-ақ геостратегиялық жағдай ірі қалаларға, өзендерге, темір жолдар мен автомагистральдарға дейінгі қашықтық, яғни халықты қамтудың шынайы көрінісі ескерілді.
Жобаны іске асыру мақсатында ауылдардың әлеуетін анықтау әдістемесі өзектендірілді. Жаңа әдістемеге сәйкес әлеуетті айқындау 4 блок бойынша анықталды: демография, инфрақұрылым, экономика және геокеңістіктік жағдай. Жаңа әдіснама әзірлеу кезінде халықаралық тәжірибені зерделей отыра, өңірлер арасындағы инфрақұрылымдық алшақтықтары бар, атап айтқанда, Канада тәжірибесі ескерілді, - деді Ерғалиев.
Оның сөзінше, ауылдық елді мекендерді дамыту үшін инфрақұрылымға инвестиция салу, шағын және орта бизнесті қолдау, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, сондай-ақ тұрғын үй салу мен жаңарту бойынша шаралар қабылданды. Канадада бұл шаралардың тиімділігін арттыру үшін кластерлік тәсіл қолданылды, онда жақын орналасқан ауылдар бірыңғай экономикалық жүйе ретінде қаралады.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы