Ереванда қазіргі Қазақстанның даму мәселелері талқыланды

Қазақстанның Армениядағы Елшілігінде сарапшылар қауымдастығымен дәстүрлі кездесу өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Биылғы бірінші кездесу барысында қазіргі Қазақстанның даму мәселелері талқыланды.

Елші Болат Иманбаев дөңгелек үстелге қатысушыларды елімізде жүзеге асырылған реформалар мен 2023 жылдың қорытындысы бойынша жетістіктердің ахуалы туралы хабардар етті, сондай-ақ Мемлекет басшысының а.ж. 3 қаңтардағы «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатының негізгі мазмұнымен таныстырды. Іс-шараға қатысушылар елде жүргізіліп жатқан саяси, экономикалық және әлеуметтік салалардағы өзгерістердің ауқымына жоғары баға берді.

«Альтернатива» талдау орталығының жетекшісі, ғылым және қоғам қайраткері, профессор Т. Манасерян «ХХІ ғасыр – бұл мүмкіндіктер ғасыры, және Қазақстан өңірлік қана емес, сонымен қатар халықаралық ауқымдағы елдер көшбасшыларының тізімінде болуға құқығы бар екендігін дәлелдеді» – деп атап өтті өз сөзінде. Сарапшылардың пікірінше, мемлекеттік билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу арқылы, ел басшылығы Қазақстанның саяси жүйесін жаңғыртуға, Парламенттің рөлін күшейтуге деген берік демократиялық ұстанымын көрсетеді. Өз кезегінде «Ұлттық құрылтай» – «диалог алаңын құру маңызды бастама – ол ортақ мақсаттарға қол жеткізу шеңберінде қоғамның шоғырлануына, сондай-ақ қазақ халқының ежелгі дәстүрін сақтауға ықпал етеді». Сарапшылар Қазақстанның адам құқықтарын қамтамасыз ету саласындағы жетістіктерін, оның ішінде Конституцияда өлім жазасын жою туралы норманы бекітуді ерекше атап өтті. Жаһандану және ынтымақтастық жөніндегі талдау орталығының басшысы, азаматтық қоғамды дамыту саласындағы белгілі сарапшы С. Григорянның айтуынша, «Қазақстанның демократиялық мемлекет құру жолындағы жетістіктері әсерлі және ынталандырушы болып табылады». Мемлекеттің жас ұрпақты қолдау жөніндегі шараларын және осы бағытта Қазақстанның қол жеткізген елеулі жетістіктерін назарға ала отырып, «Халық дауысы» сарапшылар клубының өкілі А. Гукасян жастардың кез келген қоғам мен мемлекеттің қозғаушы күші болып табылатынын атап өтіп, армян-қазақ жастар форумын өткізуге қызығушылығын білдірді.

Талқылау қорытындысы бойынша Арменияның сарапшылар қауымдастығының өкілдері халықтың ынтымақтастығы мен бірлігі ҚР Президентінің бастамасымен қоғамның әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды өзгерістерді іске асырудағы басты фактор болып табылады деген ортақ пікірге келді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: gov.kz
Өзгелердің жаңалығы