Ереванда ЕАЭО даму перспективалары талқыланды
Армения астанасында Қазақстан Елшілігі «Интеграция және даму» зерттеу-талдау ұйымы мен Еуразиялық сараптама клубының қолдауымен «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі интеграциялық процестерді дамытудың өзекті бағыттары» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Дөңгелек үстел жұмысына армян экономикалық, сараптамалық және қоғамдық ұйымдарының, сондай-ақ БАҚ мен Арменияда аккредиттелген дипломатиялық корпустың өкілдері қатысты. Іс-шараға қатысушылар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен саяси және экономикалық жаңғырту бойынша реформалардың ауқымды бағдарламасы, сондай-ақ 20 қарашада Қазақстанда өткен президенттік сайлаудың нәтижелері туралы егжей-тегжейлі хабардар етілді.
«Интеграция және даму» зерттеу-талдау қоғамдық ұйымының төрағасы, Еуразиялық сараптама клубының үйлестірушісі Арам Сафарян Қазақстан геосаяси турбуленттілік жағдайда теңдестірілген сыртқы саясатты жүргізіп жатқанын және ЕАЭО шеңберіндегі интеграциялық экономикалық процестердің бастамашысы және белсенді мүшесі болып табылатынын атап өтті. Оның пікірінше, Астана Еуразиялық экономикалық одақтың мүмкіндіктерін «Бір белдеу - бір жол» және «Солтүстік – Оңтүстік» бағыты бастамалары шеңберінде трансұлттық дәліздердің әлеуетімен ұштастыруда жетекші рөл атқарады. Армения ҰБА академигі Геворк Погосян өнімді өткізудің заманауи және тиімді құрылымын қалыптастыру үшін Қазақстанның шекаралас өңірлерінде және ЕАЭО басқа да елдерінде сауда хабтарын құрудың өзектілігін атап өтті.
Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар Қазақстан Республикасының басшылығының саясатын және Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың маңыздылығын, сондай-ақ ЕАЭО шеңберінде интеграциялық процестерді одан әрі дамыту мен нығайту және Еуразиялық өңірде бірлескен кооперациялық жобаларды іске асыру қажеттігін жоғары бағалады.