Ересектер арасында рекорд орнатсам деймін - Едіге Емберді

Ауыр атлетикадан Мексиканың Гвадалахара қаласында өткен әлем чемпионатында топ жарған 18 жастағы Едіге Емберді көпті таң қалдырды. Осы ретте BAQ.KZ тілшісі жас спортшымен сұхбаттасқан еді. 

– Әлем чемпионы болдыңыз. Қанша уақыт дайындалдыңыз, жарыс қалай болды?

Әлем чемпионатына дайындығым жақсы болды. Ұзақ уақыт дайындалдық. Шымкент қаласында 36 күн «Алатау» спорт плазасында жаттығу жасадық. Барлық жағдайымыз жасалып, тек қана жеңіске жетеміз деген ой болды. Бала кезімнен спортқа қызыққандықтан, өз бабымда болдым. Жастық пен күш-қайратымның арқасында чемпион атандым деп айта аламын. 

– Бұған дейін ауыр атлетикадан рекорд орнаттыңыз. Алдағы уақытта осы жетістігіңізді қайталау ойда бар ма?

Мексикада өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы бәсекеде 73 келіде бақ сынадым. 17 жасымда 173 келіні көтердім. Қоссайыс қорытындысы бойынша 306 келіні көтеріп, бірінші орынға ие болдым. Бір аптаның ішінде 7 келі тастадым. Тынбай еңбектенгенімнің арқасында рекорд орнатуға мүмкіндік болды. Алдағы уақытта ересектер арасындағы ауыр атлетикаға өтсем, рекорд орнатсам деген арманым бар. Дегенмен бұл жақта рекорд орнату қиынырақ. Себебі мықты спортшылардың деңгейіне жету үшін ұзақ дайындық пен шыдамдылық қажет. Алдағы уақытта ересектер арасында да осы жетістігімді қайталауға барымды саламын.

– Чемпион болудың сыры неде? Қанша жасыңыздан спортпен айналысасыз?

Чемпион болудың сыры жоқ. Бойыңда патриоттық сезім мен темірдей тәртіп болуы қажет. Күнделікті дайындықтың арқасында өз ойлаған арманыңа жетесің. Чемпион болуды армандамайтын спортшы болмайды. Барлығы да бойындағы бар күш-жігерін салып дайындалады. Бірінде бап шабады, енді бірінде бақ шабады демекші, чемпион болу әр спортшының өзіне байланысты. Спортпен 3 жасымнан бастап айналыса бастадым. Өзімнің қай салада ебім бар екенін аңғарып, ауыр атлетикаға 10 жаста келдім. Ата-анамның маған деген сенімінің арқасында спорттық жарыстарда жеңіс тұғырынан көріндім. Бапкерлерімнің айтқандарын әрқашан жадымда сақтап, спорттық жарыстарда бой көрсеттім. 

– Біздің елімізде ауыр атлетиканың бет алысы қалай?

 Қазіргі жағдайда ауыр атлетиканың хәлі мүшкіл. Өздеріңіз білетіндей, допинг дауымен үлкен мәселе туындап жатыр. Тағамнан ба әлде спорттық тағамнан ба, бір қателік кетті. Осылайша біздің құраманың бетке ұстар спортшылары осы мәселемен шеттетілді. Енді бізге уақыт керек. Мықты спортшылардан құралған команда жинақтап, үздік үштікке іліну жоспарымызда бар. Ауыр атлетикаға жаңа спортшылар жинақталмақ. Алдағы уақытта олимпиадада ауыр атлетикадан алтын алуымыз мүмкін. 

– Жас спортшыларға не айтар едіңіз? Жеке бапкеріңіз жайлы айта кетсеңіз. 

Менің ойымша, спортқа жауапкершілікпен қарау керек. Көбісі спортты тастап, арасын үзіп, қайта келеді. Бұлай чемпион болу қиын. Әр адам өзін жігерлендіріп, жеңіске жетуге қамшылау керек. Бағана айтып кеткенімдей, әр спортшының бойында патриоттық сезім мен темірдей тәртіп болуы қажет. Ал жеке бапкерім жайлы айта кетсем, Айбек Аманиязов - Астана қаласының бас бапкері, аға жатықтырушы. 2015 жылы Айбек ағайдың қолына келдім. Осы күнге дейін жатықтырып, чемпион болуыма өз септігін тигізді. Сол себептен мен чемпион болдым деп айта алмаймын, біз чемпион болдық деп айтамын. Ол кісі менің әкем секілді болып кетті. Спортшы мен бапкердің арасында байланыс болады. Біз бір-бірімізді сөзсіз түсініп, ұғынысамыз. 

– Болашақта қандай арман-мақсатыңыз бар? Шәкірт тәрбиелеу ойда бар ма?

Менің арманым Олимпиада биігінен көрініп, көк туымызды желбірету. Меніңше, олимпиада - әр спорттың шыңы. Осы байрақты бәсекеде жеңіске жеткен адамның спорттық мансабы орындалады. Менің оқып жатқан мамандығым - бапкерлік. Бірақ шәкірт тәрбиелеу - екінің бірінің қолынан келе бермейтін жұмыс. Бұған аса ыждаһаттылықпен, зор ынтамен кіріскен дұрыс деп санаймын. 

– Әңгімеңізге рахмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан
Өзгелердің жаңалығы