Ерен еңбек лайықты бағаланды
Бүгін елордада Республика күні қарсаңында денсаулық сақтау саласының үздіктері марапатталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Салтанатты жиында Басқарма басшысы Тимур Мұратов дәрігерлерді мерекемен құттықтап, оларға төсбелгілер мен Құрмет грамоталарын табыстады.
Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов Республика күнінің маңыздылығын атап өтті.
Бүгінгі күн – қазақ халқы мен еліміздегі өзге этнос өкілдерінің төл мәдениетін жаңғыртып, мемлекеттік қағидаттарды бекіткен айтулы тарихи күн. Аталмыш құжат ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүріміз бен тілімізді қайта түлетіп, елімізге қанат бітірді. Осынау ұлттық мереке күні егемен еліміз бен еңселі елордамыздың гүлденіп, денсаулық сақтау жүйесін дамытуда атқарып келе жатқан еңбектері үшін әріптестеріме ерекше алғыс білдіргім келеді, - деді ол салтанатты жиында.
Іс-шарада астаналық ақ халатты абзал жандар мен Басқарма қызметкерлеріне «Еңбек ардагері», «Денсаулық сақтау саласының үздігі» төсбелгілері мен ҚР ДСМ атынан Құрмет грамотасы, Алғыс хат және елода әкімі Алтай Көлгіновтің Алғыс хаты табысталды.