«Ерекше тосын сый». Ердоған Тоқаевқа алғыс айтты

Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Қазақстан президентіне алғыс айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаев түрік бауырын қазақ-түрік қатынастарын нығайтуға қосқан үлесі үшін  I дәрежелі «Достық» орденімен марапаттаған еді.

Түркия президенті марапат үшін Тоқаевқа ризашылығын білдірді.

Бірінші дәрежелі «Достық» орденінің табысталуы мен үшін үлкен тосын сый болды. Мен сезімімді қалай жеткізерімді білмеймін. Бұл мен үшін ерекше тосын сый, ерекше сезім. Мен өзім, отбасым және ұлтымның атынан сіздерге көп-көп рахмет айтамын, – деді Ердоған Ақордада БАҚ өкілдеріне арналған бірлескен мәлімдемеде. 

Сонымен қатар кездесуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көптеген халықаралық мәселелер бойынша екі елдің ұстанымы жақын екенін атап өтті.  

Біз көпжақты дипломатияны одан әрі нығайтуға ерекше мән береміз. Екі елдің серіктестігі Біріккен Ұлттар Ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес сияқты көпжақты құрылымдар аясында ойдағыдай дамып келеді. Ертең  Түркия Президентімен бірге  Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің 6-шы Саммитіне қатысамыз, – деді Мемлекет басшысы. 

Еске сала кетейік, бүгін Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған елімізге мемлекеттік сапармен келді. Қасында зайыбы Эмине Ердоған да бар. Оларды Астана әуежайында президент Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды. Түрік көшбасшысы елордада өтетін Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңеске қатысады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы