Ерекше қажеттіліктері бар дарынды балаларға арналған жаңа жоба жарияланды

Мәдениет және спорт министрлігі «Арман асулары» атты әлеуметтік пилоттық жобаны қолға алды. Мақсаты – елдегі ерекше білім беру қажеттіліктері бар дарынды балаларға қолдау көрсету, шығармашылық бағытта дамыту. Жоба балалар жылы аясында жүзеге асырылып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Гала-концертке қатысқан балаларды Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев құттықтап, инклюзивті білім беру мен қоғамды дамытуда мұндай жобаның маңызы зор екенін атап өтті. Еліміздегі ерекше балалардың өнерін ұштауға бағытталған фестиваль республикамыздың әр аймағындағы дарынды жастардың басын қосады.

Өнер – адамның жанын ғана емдемейді, оның тәніне де тірек болады. Балалардың талантын ашуда мұндай алаңдар қашанда қажет. Сондықтан, осы жобаны жүзеге асыруға атсалысқан азаматтардың барлығына алғыс айтамын. Сіздер балаларды бақытты, ал қоғамды мейірімді етуге үлес қосып отырсыздар, - деді Дәурен Абаев.

Гала-концертте Роза Рымбаева, Айжан Нұрмағамбетова, Құрмаш Махан, Салтанат Меңдіғалиева, Әлібек Әлмадиев, Рухия Байдукенова, Дидар Абдухалық, Гүлдана Акимова (флейта) сынды танымал артистер, «Астана сазы» мемлекеттік фольклорлық ансамблі, «Меломен» тобы, Turan фольклорлық-этнографиялық ансамблі, Forte Trio және Saz&Soul шығармашылық ұжымдары балалармен бірге өнер көрсетті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы