Ерекше балаларға арналған әлеуметтік жоба жұмысын бастады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен тағы бір әлеуметтік жоба өз жұмысын бастады. Жыл басында «Balapan» телеарнасының жанынан «Ерекше білім алу қажеттіліктері бар балаларға арналған анимация мектебін» ашу туралы шешім қабылдаған болатынбыз, деп жазды Facebook-тегі парақшасында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева.

Қоғамдағы мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық көрсету – біздің басты міндетіміз. Әсіресе, ерекше балалар өздерін кем санамай, қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезініп өсуі қажет. 

Осы орайда, қолға алып отырған ерекше балаларды анимацияға үйрету жобасы – балаларды да, ата-аналарын да үлкен қуанышқа бөлейді деп сенемін. Анимация тек көңілді көріністер жиынтығы ғана емес, бұл – тәрбие мен білім құралы. Сондықтан осы салада тәжірибесі мол Оңтүстік Корея, Жапониямен әріптестік орнатып жатырмыз. Әзірге, әлеуметтік мектепке 30 оқушы іріктелді. Сабақ  12 наурыздан басталады. Іріктеу нәтижесі көрсеткендей – ата-аналардың да, балалардың да қызығушылығы мол болды. Сондықтан аллдағы уақытта бұндай мектептердің санын арттыру жоспарда бар. 

Елімізде тұңғыш рет қолға алынып отырған жобаның жемісті жалғасын табуына тілектеспін. Балалар арнасы – «Balapan» жұмысына сәттілік пен табыс тілеймін!, - деді министр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы