Ерекше бала агрессия танытқанда не істеу керек? Маман кеңесі
Аутизм таралу көрсеткіші соңғы жылдары күрт өскен. 2000 жылдан бері әлемде аутизм спектрінің бұзылыстары (АСБ) 384%-ға артқан. Бұл туралы педагогика және психология магистрі, ерекше бала тәрбиелеп отырған ана Жанна Қалиева айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Аутизмнің таралуы артқан сайын түрлі түзету және бейімдеу әдістері де пайда болды. Алайда олардың барлығы бірдей ғылыми негізделген деп айтуға болмайды. Сол себепті мұндай әдістерді таңдауда дәлелденген тиімділігі бар тәсілдерге сүйену аса маңызды, – дейді маман.
Оның айтуынша, дамыған елдерде аутизмге қатысты барлық түзету бағдарламалары арнайы ұйымдар тарапынан лицензияланып, қатаң реттеледі.
Мұндай елдерде практиктердің басты қағидасы – араласу тәсілі ғылыми дәлелденген тиімділікке негізделуі тиіс. Солардың ішінде ең тиімді әдіс ретінде – қолданбалы мінез-құлық талдауы (Applied Behavior Analysis, ABA) саналады, – дейді педагог.
Жанна Қалиеваның айтуынша, инклюзивті білім беру процесіндегі басты қиындық – баланың мінез-құлқындағы ерекшеліктер мен ынтымақтастық орнатудағы кедергілер.
ABA қағидаттарын қолдану арқылы біз қалаусыз мінез-құлықты түзетіп, ерекше білім беруді қажет ететін балаларды жалпы білім беру ортасына біртіндеп және жайлы түрде енгіземіз, – дейді ол.
Маманның айтуынша, ABA әдісі екі негізгі бағытты қамтиды:
- проблемалық мінез-құлықты түзету;
- құрылымдалған дағдыларды қалыптастыру.
ABA тұрғысынан қарағанда, кез келген мінез-құлық – коммуникацияның бір түрі. Яғни бала өз мінезі арқылы бізге бір нәрсе айтқысы келеді. Біздің міндетіміз – ол не айтқысы келетінін түсіну және оны әлеуметтік тұрғыда дұрыс жолмен жеткізуге үйрету. Бұл міндетті түрде сөйлеу арқылы болуы шарт емес, – деп түсіндірді педагог.
Маман ерекше балалармен жұмыс барысында агрессия көріністерін ерте байқаудың маңызды екенін айтады.
Баланың ашу-ызасы немесе агрессиясы әдетте бір себеппен туындайды – шаршау, күрделі тапсырмалар, кенет өзгерістер немесе шамадан тыс жүктеме. Мұғалім немесе тьютор оны алдын ала байқап, балаға тынышталуға мүмкіндік беруі керек, – дейді ол.
Ол сондай-ақ агрессия кезінде мұғалімнің әрекеттері нақты әрі сабырлы болуы тиіс екенін атап өтті.
Мақсат – баланың да, айналасындағы адамдардың да қауіпсіздігін сақтау. Мұндай сәтте дауыс көтеруге, ұрысуға немесе ұзақ түсіндіруге болмайды. Қысқа, тыныш сөйлеу және эмпатия көрсету маңызды. Мысалы: “Мен қасыңдамын, сен қауіпсізсің. Қазір біраз тынығайық” деген сияқты сөздер тиімді әсер етеді, – дейді Жанна Қалиева.
Жанна Қалиева әр баланың мінез-құлқы мен қажеттілігі ерекше екенін атап өтті.
Барлық балаға бірдей стратегия қолдану мүмкін емес. ABA қағидаттарын түсіну мұғалімдерге ерекше балалармен ғана емес, жалпы сыныптағы оқушылармен де тиімді жұмыс істеуге көмектеседі. Дегенмен, күрделі жағдайларда тек жоғары білікті мінез-құлық талдаушыларының қолдауы қажет, – дейді ол.
Маманның пікірінше, ABA әдісі тек түзету құралы ғана емес, мектептегі инклюзивті мәдениеттің бір бөлігі болуы тиіс.
Бастысы – баланың әлеуетін ашу, оны қоғамға бейімдеу және қауіпсіз әрі түсіністікке толы орта қалыптастыру, – деп түйіндеді педагог.
Елордада колледж оқытушыларына арналған “Түсінуден стратегияға: ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттерді оқыту және өзара әрекеттесу” тақырыбында қалалық семинар өткен болатын. Іс-шараны Қазақстанда инклюзивті білім беру саласында 10 жылдан бері бастамаларды іске асырып келе жатқан “Bolashak Charity” қоғамдық қоры ұйымдастырды.