Ерекше әшекей бұйымдар жасайтын Қытайдағы қазақ қызы
Қазақтың салт-дәстүрін, ұлттық өнерін елімізде де, шет елдерде де дәріптеп жүрген отандастарымыз, қандастарымыз аз емес. Солардың бірі – Қытайдағы қандасымыз Мөлдір Қанасылқызы, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мөлдір Қанасылқызы қолөнермен айналысады. Ол қазақи стильде әшекей бұйымдар шығарады.
Қытайдағы қандасымыз өзінің кәсібі жайында редакциямызға сұқбат берді.
- Мөлдір ханым, алдымен өзіңіз жайлы қысқаща айта кетсеңіз...
- Мен Шыңжаңның Іле облысы көркем Нылқы ауданында туғанмын. Хаңжоу қаласында оқыдым. Кейін Нанжиң университетінің «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының толық курсын тәмамдадым.
2014 жылдан 2021 жылдың қараша айына дейін Құлжа қалалық тоғыспалы медиа орталығында қызмет еттім. Кейін осы жылдың аяғына қарай аңсаған арманыма жету үшін тоғыспалы медиа орталығындағы қызметімнен бас тартып, өзіме ұнайтын, өзім сүйетін кәсіппен айналысуға бет бұрдым. Ол - жобалаушылық кәсіп.
Негізі бұл қолөнермен кішкентайымнан айналысқанды ұнататынмын. Соңғы 1,5 жылда осы салаға түбегейлі кірістім.
- Кәсіппен айналысуға бет бұрдым дедіңіз. Ол қандай кәсіп? Қандай жобамен айналысасыз?
- Қазақтың салт-дәстүр мәдениетін зерттеу жөнінде арнайы ізденістер жасап келе жатқаныма он жылдың жүзі болды. Осы ретте бірталай қазақы той көйлегі мен кешкі қонақасылық киімдер жобаладым. Бүгінгі күнде жобалаушылыққа деген шексіз қызығушылығым - асқақ арманымның шыңына жетелеп келе жатқандай. Қазір әшекей-бұйымдардың жобасын сызамын. Алдағы күндері өмірде маңызы бар, жоғары өрелі туындыларыммен қазақстандықтар да таныса алатынына кәміл сенемін.
- Бейжіңдегі ауқымды форматтағы көрме жайында айтып берсеңіз. Көрмеге қатысудағы басты мақсатыңыз қандай?
- Бейжіңдегі Қытай халықаралық көрме орталығында әшекейлер көрмесі өтіп жатыр. Оған мен де өзімнің «Alsu» деп аталатын брендімдегі әшекей бұйымдарыммен қатысып жатырмын.
Бұл халықаралық деңгейдегі көрме болмағандықтан, оған әр елден түрлі қатысушылар келді. Басты мақсатым – қазақтың ұлттық төл өнерін әлемге паш ету. Ал екінші жағынан бұл мен үшін үлкен мектеп, сабақ. Себебі мұндай іс-шараларға қатысу арқылы үлкен тәжірибе жинауға болады.
- Көрмеге қандай жұмыстарыңызды ұсындыңыз? Жұмыстарыңыз несімен ерекшеленеді?
- 300-ден аса әшекей бұйымым бар. Олардың басты ерекшелігі – қазақи ою-өрнектермен безендірілуінде. Ұлтымыздың ұлттық құндылықтары - ол қазақи ою-өрнек, домбыра, ұлттық киім. Мен осы құндылықтарды өз жұмыстарымда бейнеледім. Қазақ көшпенді халық болғандықтан киіз үйде тұрады. Оған қоса ұлттық аспабымыз – домбырамыз бар. Сондай-ақ қыздарымыздың соңғы кездері ескі салтымызды жаңғыртып киіп жүрген тақиясы бар. Осы дүниелерді біріктіріп, өз жобама енгіздім. Мысалы, сырға, алқа-моншақтар, кеудеге тағатын белгі және т.б. Кейде ескі әшекейлеріміз заманауи киімдермен үйлеспей жатады. Ал мен осы дүниелерді заманға сай етіп, шығарғым келді.
- Әшекейлерді қандай материалдан жасайсыздар?
- Әшекей бұйымдарды екі материалдан жасаймын. Олар - титан мен күміс. Негізі жұмыстарымда алдымен титан материалынан бастағанмын. Өздеріңіз білесіздер, бізде күміс материалдар өте көп. Десе де мен әшекей бұйымдарды басқаша жасағым келді. Қазір күмістен де жасап жатырмыз. Барлық әшекейдің күміс нұсқасы бар. Енді алдағы уақытта алтыннан жасауды жоспарлап отырмыз.
- Тақия, домбыра мен киіз үй формасындағы бұйымдар жайлы тарқатып айтып берсеңіз...
- Қазақ ұлты тақияны, жалпы бас киімді маңызды орынға қояды. Қыздарымыз да үкілі тақияны ерекше жақсы көреді. Қазір аруларымыз заманауи стильдегі тақияларды кие бастады. Осындай сұраныстарды ескере отырып, жобамның маңызды бөлігі ретінде «тақия» тақырыбында алқалардың жобасын жасадым.
Сонымен бірге киіз үйіміз бар. Оны білмейтін қазақ жоқ. Киіз үйден де алқалар жасадық. Домбыра түріндегі алқаларымыз да сұраныста.
Енді алдағы уақытта әшекей бұйымдармен шектеліп қалмай, киім-кешек, кілемдерді де шығаруды мақсат етіп отырмыз.
- Мөлдір Қанасылқызы, уақыт бөліп сұқбат бергеніңізге алғыс айтамын. Наурыз мейрамы құтты болсын!