Ердоған Тоқаевты өзі қарсы алды: Анкара Қазақстан Президентін ерекше күтті
Түркия астанасында қазақ, түрік және ағылшын тілдерінде «Түркияға қош келдіңіз!» деген жазуы бар билбордтар пайда болды. Сапар не үшін маңызды?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанның шақыруымен Түркия Республикасына ресми сапармен барды. Анкарадағы Этимесгут әуежайында Қазақстан Президентін Режеп Тайип Ердоғанның өзі қарсы алды.
Ақорданың хабарлауынша, Қазақстан Президентінің келуіне орай әуежайда Құрмет қарауылы сап түзеп, салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.
Анкарада Қазақстан Президентінің сапарына ерекше дайындық жасалған. Қазақстандық журналистердің хабарлауынша, Түркия астанасындағы маңызды көшелердің бойындағы ғимараттардың қасбеттеріне екі ел басшыларының портреттері бейнеленген билбордтар ілінген.
Сондай-ақ билбордтарда түрік, қазақ және ағылшын тілдерінде «Түркияға қош келдіңіз!» деген жазу орналастырылған. Қала көшелерінде Қазақстан мен Түркияның мемлекеттік тулары да желбіреп тұр.
Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға бағытталған келіссөздер жүргізеді.
Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитіне қатысады.
Ресми сапар Қазақстан мен Түркия арасындағы саяси диалогты дамытуға және екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.