Ердоған Тоқаев пен Назарбаевты Стамбұлға шақырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің келесі саммиті 2021 жылы қарашада Стамбұлда өтеді. Бұл туралы саммит барысында Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мәлімдеді.

Келесі Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің 8-саммиті 2021 жылдың 12 қарашасында Стамбұлда өтеді. Пандемия мүмкіндік берсе, уақытылы болады деп үміттенемін, - деді Режеп Тайып Ердоған.

Ол 2016 жылдың қыркүйегінде Қырғызстанның Шолпан ата қаласында Түркі кеңесінің 6-саммиті өткенін еске салды. 

Сол жиында 4-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынын Түркияда өткізу туралы шешім қабылдаған едік. Егер сіздер рұқсат етсеңіздер, бұл ойындарды мына коронавирус пандемиясына байланысты кейінге қалдырып, 2022 жылы өткізбек ойымызда бар, - деді Түркия президенті.

Сонымен қатар ол Түркі кеңесіне мүше елдердің басшыларын Анталия дипломатиялық форумына, ТМЫК-тың 8-саммитіне шақырды.

Анталиядағы дипломатиялық форум маусым айында өтеді. Форум әртүрлі салалардағы пікір алмасу алаңы ретінде қызмет етеді.

Бұған дейін Ердоған Түркия елі кеңеске барынша қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы