Ерболат Жанабылов сотта неге қобалжығаны белгілі болды
Астанада блогер Эльмира Төлегенова мен оның жұбайы Ерболат Жанабыловқа қатысты сот процестері жалғасып жатыр. Қорғаушы тараптың өкілі, адвокат Олег Чернов сот отырыстарының барысына байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Адвокаттың айтуынша, Ерболат Жанабылов алғаш рет сотқа қатысып отыр.
Оның қобалжуы түсінікті жағдай. Кейбір сұрақтарға нақты жауап бермеуі мүмкін. Дегенмен судья айыпталушыдан міндетті түрде жауап талап етуі – заңға сәйкес емес, – деді Чернов.
Бүгін таңертең Эльмира Төлегенованың ісі қаралса, түстен кейін Ерболат Жанабыловтың соты өтеді. Қорғаушының сөзінше, ерлі-зайыптыға тағылған айып бірдей – екеуіне де “заңсыз лотерея ұйымдастыруға қатысу” дерегі бойынша кінә тағылып отыр.
Өткен жолғы отырыста судьяға қарсылық білдіруге тырысқан едік. Алайда өтініш соңына дейін қаралмай қалды. Сондықтан ресми түрде ол мәселе ашық күйінде қалып отыр. Бүгін Эльмираның ісін басқа судья қарайды, ал Ерболат бойынша процесті сол бұрынғы судья жүргізеді, – деп түсіндірді адвокат.
Оның айтуынша, қорғау тарабы басты назарды айыпталушылардың кінәсіздігін дәлелдеуге емес, мемлекеттік органның айыптау деректерін қаншалықты негізді келтіретініне аудармақ.
Әкімшілік іс жүргізу заңнамасына сәйкес, азамат өзін айыптайтын жауап беруге міндетті емес. Керісінше, кінәні дәлелдеу – айыптаушы тараптың міндеті. Бұл процесс осы ұстанымды айқындап көрсетуі тиіс, – деді Чернов.
Адвокат бүгінгі талқылауда екі түрлі хаттама қаралатынын айтқан болатын.
Еске салайық, бұған дейін ҚР Туризм және спорт министрлігі әлеуметтік желілерде заңсыз ұтыс ойындарын өткізгендерді тексеретінін мәлімдеген.
Сондай-ақ министр Ербол Мырзабосынов блогер Жанабыловтардың конкурсына байланысты туындаған дау жөнінде пікір білдірді.
Айта кетейік, жыл басынан бері құзырлы орган 34 блогердің заңсыз онлайн-ойындарды жарнамалауға қатысы барын анықтады.
Блогер Жанабылов Астанада сотта қашан жауап беретіні айтылды.