Ерболат Досаев Мемлекет басшысына валюта-қаржы нарығындағы қазіргі ахуалды баяндады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Президенті Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
"Мемлекет басшысына валюта-қаржы нарығындағы қазіргі ахуал мен еліміздің қаржы секторын несиелеу және сауықтыру үшін жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде баяндалды. Сонымен қатар, Ұлттық банк төрағасы Қазақстан Президентіне ұлттық валютаның өзгеруіне әсер етуші факторлар туралы мәлімет берді", - делінген ресми хабарламада.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк тарапынан бұл салаға тиісті бақылау жүргізудің қажеттігін айтты.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырма берді.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовті қабылдады.Кездесу барысында Мемлекет басшысына еліміздегі құқық қорғау органдарының қызметі жөнінде есеп берілді.
Қазақстан Президенті заң және заңнамалық нормалардың, сондай-ақ азаматтардың заңды мүддесін сақтау ісіндегі еліміздің қадағалаушы органы ретінде прокуратураның айрықша рөлін атап өтті.
Соңында Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар нақты тапсырма берді.
Келесі кезекте Қазақстан Президенті Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовті қабылдады.
Мемлекет басшысына өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және Қазақстан халқына арналған қазіргі Жолдаудағы, сондай-ақ «Нұр Отан» партиясының XVIII съезі аясындағы Елбасы тапсырмаларының орындалу нәтижелері туралы есеп берілді.
Қазақстан Президенті мемлекеттік бағдарламаларды уақтылы және тиімді жүзеге асырудың, сондай-ақ халыққа әлеуметтік тұрғыдан қолдау көрсету жөніндегі шараларды атқарудың маңыздылығын айтты.
Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар нақты тапсырма берді.